АРАЛТҰЗДЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛЫ – БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН САУАПТЫ ІС

Балаға жасалған әрбір жақсылық – болашаққа егілген дән.

Ол дән бір күні діңі мықты бәйтерек болып бой түзейді.
Сондықтан білім жолындағы әр қадам – ертеңге қалдырған мұра, өркениетке бағытталған үнсіз инвестиция.

Бүгін, ғасырлық тарихы бар «Аралтұз» акционерлік қоғамы өз мерейтойын тек өткенді еске алумен емес, келешекке үлес қосар жарқын іспен атап өтті. «Аралтұзбен бірге — цифрлық болашақ» жобасы аясында Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектебіне жалпы құны 12 миллион теңгені құрайтын заманауи техникалық жабдықтар табысталды.

Бұл игілікті іске аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғалия Сейтова, кент әкімі Пазылбек Берсүгіров, «Аралтұз» АҚ зауытының директоры Даулет Рахимбаев, персонал жөніндегі директор Самал Думанова және ардагерлерлер қатысты.

Мектепке табысталған құрал-жабдықтар қатарында:
• Компьютері бар интерактивті тақта;
• Компьютерімен бірге берілген проекциялық жиынтық;
• 8 дана жеке компьютер;
• АКТ залына арналған LED-экран мен толық компьютерлік жиынтық;
• Музыкалық аппаратура;
— Сонымен бірге, үйден оқитын балалар үшін арнайы 7 компьютер.

Шара барысында «Е–Кітапхана – Цифрлық болашақ» кабинеті ашылып, лентасы қиылды. Бұл кабинет енді балалардың тың ойына жол ашар, қиялына кең өріс сыйлар ақпарат әлеміне бастар жаңа көпір болмақ. Сондай-ақ мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен шағын концерттік бағдарлама қойылып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің ең басты байлығы – білімді ұрпақ екенін атап өтті. Өйткені болашақтың иесі – осы балалар. Олардың қолына берілген әр кітап, әр компьютер – ертеңгі елдің бейнесі екенінде тілге тиек етті.

Айта кетейік, «Аралтұз» акционерлік қоғамы бұған дейін де «Мектепке жол» секілді әлеуметтік-қайырымдылық бастамаларына белсене қатысып, оқушыларға қолдау көрсету ісін дәстүрге айналдырған. Жақсылықтың қайнарын үзбеген ел – үмітті ел. Ал үмітті елдің ертеңі – жарқын.

БӨЛІСУ