АҚҚЫР АУЫЛЫНДА ЖАУЫНГЕР САБЫРБЕК ТАЙШЫҚҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН АУДАНДЫҚ ЖАРЫС БАСТАУ АЛДЫ

Бүгін Аққыр ауылында азаматтық борышын өтеу жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгер Сабырбек Тайшықұлын еске алуға арналған ұлттық спорт түрлерінен аудандық жарыс өз жалауын көтерді.

Шараның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, жарыс қатысушылары мен ауыл тұрғындарын патриоттық рухтағы дәстүрлі шараның басталуымен құттықтады. Өз сөзінде ол ел қорғаған ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын, олардың ерлігі мен рухы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда мәңгі өнеге болатынын атап өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Жалағаш және Сырдария аудандарының құрметті азаматы Маншарипов Батырбек, №188 орта мектептің ардагер ұстазы әрі Сабырбек Тайшықұлының ұстазы Сүндетова Задагүл Арыстанбекқызы, сондай-ақ Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Мираж» шаруа қожалығының төрағасы Бақтыбаев Мейрамбек Тайшықұлы мен Аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Садық Әлиев, аудандық мәслихат депутаты Қуат Адисұлы сөз сөйлеп, батырдың өмірі мен ерлігі туралы естеліктерімен бөлісті.

Шара аясында Тайшық Бақтыбайұлы әулетінің бастамасымен «Бақ қонған әулет» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта батырдың өмір жолы, ерлік істері мен ұрпағына қалдырған өнегелі тағылымы кеңінен баяндалған.

Аудандық деңгейдегі бұл жарыс қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күрес, қой көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерін қамтиды. Жарысқа қатысушылар өз күш-қайратын, ептілігі мен жігерін сынға салмақ.

БӨЛІСУ