ЕСЕТ БАТЫР АУЫЛЫНДА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Бүгін Аламесек ауылдық округі әкімдігіне қарасты Есет батыр ауылында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды нысан – Өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағанбетов, сондай-ақ Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Мырзагелдиев және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мұхтар Белсенбаев және аудандық электр тарату торабының басшысы Жанболат Тәттібаев, аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің басшысы Ғани Дүйсекбаев пен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов сөз сөйлеп, ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, оның ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов пен департамент басшысы М.Мырзагелдиев өз құттықтау лебіздерін білдіріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған тұрғындарға алғыстарын жеткізді.

Салтанатты рәсім аясында бірқатар сала мамандарына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерекелік төсбелгісі және Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хаттары табысталды.

Өрт сөндіру бекеті «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында, ауылдың шаруа қожалықтары мен тұрғындарының демеушілігімен салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Бұл нысанның іске қосылуы – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырумен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алудағы үлкен қадам болып табылады.

БӨЛІСУ