«БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ 30 ЖЫЛЫ» КӨШ КЕРУЕНІНДЕ ҚХА ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қызылорда облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты көш керуені өз жұмысын жалғастыруда.

Көш керуеніне облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА Хатшылығы – этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық ҚХА құрылымдары төрағалары мен мүшелері, Ақсақалдар кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Медиаторлар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, аудандағы этнос өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Көш керуенінің кезекті аялдамасы – Шиелі ауданы болды.

Іс-шараның мақсаты – өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ Ассамблея институттарының қоғамдағы рөлін арттыру болып табылады.

Бағдарлама аясында бірнеше бағыттағы кездесулер ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі өкілдерінің қатысуымен Шиелі аудандық Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Онда қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі болу, отбасылық және ұлттық тәрбиенің маңызы туралы мазмұнды пікірлер айтылды.

Сонымен қатар, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері мен Ақпараттық-түсіндіру тобы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесу барысында еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлік саясатының басым бағыттары, азаматтық жауапкершілік, әділетті қоғам құрудағы әр азаматтың рөлі туралы кеңінен әңгіме өрбіді.

Шара соңында қатысушылар Шиелі өңіріндегі бірлік пен өзара түсіністік мәдениетін нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасып, келешекте бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

БӨЛІСУ