КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жаңа Салық кодексі: кәсіпкерлермен ашық диалог.

Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың төрағалығымен экономикалық саясатты, соның ішінде жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесу өтті.

Іс-шараға облыс әкімдігі мен мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес-қоғамдастық мүшелері және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Салық кодексінің басты бағыттары, бизнеске берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктері, сондай-ақ салықтық саясаттағы маңызды өзгерістер жан-жақты түсіндірілді.

Өңір кәсіпкерлері вице-министрге өздерін толғандырған нақты сұрақтарын қойып, салық жүктемесін азайту, есептілік рәсімдерін жеңілдету және әкімшілендіруді жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде Ержан Біржанов әрбір сауалға нақты жауап беріп, кәсіпкерлердің ұсыныстары назарға алынатынын атап өтті. Ұзақ мерзімді шешімді қажет ететін мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар берілді, ал республикалық деңгейде шешуді талап ететін сұрақтар Қаржы министрлігінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар осындай ашық диалог алаңдарының бизнестің дамуына және мемлекеттік саясаттың тиімді іске асуына ықпал ететінін атап өтті.

БӨЛІСУ