Қалада «With You E&C Kyzylorda» ЖШС-нің «Оңтүстік Корея технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату» зауытының құрылыс жұмыстары жүруде. Шетелдік инвестор және «Жасыл Даму» АҚ-ның қаржыландыруымен іске асырылатын жобаның құны – 34 335,0 млн.теңгені құрайды және ол екі кезеңмен іске асырылады:
І кезең – қалдықтарды сұрыптау кешенін салу, құны 9 535,0 млн.теңге;
ІІ кезең – қайта өңдеу зауытын салу, құны 25 000,0 млн теңге.
Зауыттың қалдықтарды сұрыптаудың жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаны құрайды. Қалдықтарды қабылдау жұмыстары автоматтандырылып, сұрыптау және қайта өңдеу процестері кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Зауыт құрылысы үшін қолданыстағы сұрыптау кешені бар тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жанынан 4 га жер учаскесі белгіленді.
Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарына барлығы 440,0 млн.теңге инвестор қаражаты жұмсалған. Жер учаскесіне қоршаулар орнату жұмыстары мен жер жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта әкімшілік ғимараттар, құрылысшылар мен зауыт қызметкерлеріне жатақханалар салынуда. Сондай-ақ, зауыттың негізі қаланды. Зауыттың іске қосылу мерзімі — 2026 жылдың ІІ тоқсаны деп жоспарланған. Айта кету қажет, 08.07.2025 ж. Облыс әкімінің, Парламенті Мәжілісінің депутаттарының, Экология және табиғи ресурстар министрінің қатысуымен зауытының капсуласын салу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда 96,1 млрд.теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартылуда.