Елордада «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз кеңесі өтті.
Биылғы жиын ерекше форматта ұйымдастырылып, алғаш рет ұстаздармен бірге жұмысшы мамандықтарының өкілдері де марапатталды.
Бұл бастама Мемлекет басшысының жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асты. Мақсат – тек педагогтардың ғана емес, білім беру ісіне үлес қосып жүрген барлық мамандардың еңбегін бағалау.
Жаңақорған ауданы, №221 орта мектебінің электригі Аязбеков Мейрамбек Бердібекұлы осы мәртебелі марапатқа ие болды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев:
«Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті» – деп атап өтті.
Жаңақорған ауданының білім бөлімі атынан Мейрамбек Бердібекұлын шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл марапат – Сіздің адал еңбегіңіздің, кәсіби біліктілігіңіздің және білім саласына қосқан үлесіңіздің айқын көрінісі. Жаңа жетістіктерге жете беріңіз!