ШЕБЕРЛІК АЛАҢЫ ІСМЕРЛЕРДІҢ БАСЫН ҚОСТЫ

 Дәстүрлі қолөнер мен заманауи креативті индустрияны ұштастыра отырып, ұлттық ою-өрнектің мәнін, тарихын, қолдану аясын кеңінен насихаттау мақсатында «Анаға тағзым» орталығында «ОЮLIKE» кәсіби-шеберлік алаңы өтті. Шараның алғашқы бөлімінде клуб-студияларда «Түкті кілемше тоқу», «Құрақ құрау технологиясы», «Этностильдегі киізден жасалған бұйымдарды жасауда creative өнерді дамыту» және «Заманауи шоппер тігу» тақырыптары бойынша тегін шеберлік сағаттары болды.

 Кәсіби-шеберлік алаңының негізгі бөлімінде этнограф ғалымдар мен дизайнерлер, креативті кәсіпкерлер, тарихшылар бас қосып, қазақ ою-өрнегінің тарихи негіздері және сән индустриясы мен қолөнерде дәстүрлі өрнектердің заманауи қолданысы турасында ой-пікірлерін ортаға салды. Шара аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ.Жанұзақов көтерілен мәселенің өзектілігін ерекше атап өтіп, қатысушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, спикерлер мен тегін шеберлік сағатын өткізген қолөнер шеберлеріне облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің атынан алғыс хаттар табыстады.

Басқосуға қазақ орнаментологиясының негізін қалаушылардың бірі, этнограф, график-суретші, философ, мәдениеттанушы Ералы Оспанов және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гаухар Тасбергенова арнайы қатысты. Е.Оспанов салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ұмыт бола бастаған тұстары мен ою-өрнектердің тарихы турасында тың деректерімен бөлісті, жеке зерттеулері нәтижесіне тоқталды. Қорқыт ата атындағы ҚУ профессорлары мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, креативті кәсіпкерлер спикер болып, ою-өрнектердің қазіргі қолданысы, коммерциялық бағытта бұрмалануы, символикалық мәнінің сақталуы турасындағы ойларын ортаға салды.

 Дәстүрлі өрнектерді жаңғырту бағытындағы шараға аймақ аудандары мен бірқатар өңірден креативті индустрия бойынша өкілдер ZOOM платформасы арқылы қатысып, тәжірибе алмасты.

Жалпы, «Анаға тағзым» орталығы ашылғалы бері креативті кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Түрлі бағыттағы семинар-тренингтер, олардың табысын еселеп, танымалдылығын арттыруға бағытталған жобалар мен сауда-көрмелерін ерекше атап өтуге болады. «ОЮLIKE» кәсіби-шеберлік алаңында да орталық ғалымдар мен кәсіпкерлер арасында алтын көпір орната отырып, қоғам назарын өзекті тақырыпқа бұру көзделді.

БӨЛІСУ