МӘЖІЛІСТЕ ЕСЕПТІ КЕЗЕҢДЕГІ АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2025 жылдың 7 айының қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы мәселелері қаралды.

Ауданда 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 19,9 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 20 пайызға, ауыл шаруашылығының өнімі 6,2 пайызға, құрылыс жұмыстары 93,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 6,4 пайызға, инвестиция тарту 23,5 пайызға артқан. Оның ішінде жеке инвестициялар 8,5 пайызға артқан.

Мәжілісте Жалғас Оңғарұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы өңіріміздің негізгі көрсеткіші болып табылатындықтан, барлық сала бойынша белгіленген межелерді толық орындауға, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру бағытында бірлесе жұмыс атқару қажеттігін айтты. Сондай-ақ аудан әкімінің жауапты орынбасары, сала басшылары мен ауыл әкімдеріне тиісті басқармалармен бірге республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден бөлінген қаржылардың жоспарға сәйкес ай сайын 100 пайызға орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарына «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң шеңберінде аудандық үшжылдық бюджет жобасын әзірлеп, экономика бөлімімен тиісті салалық бөлімдермен бірлесіп, облыстық басқармаларға, республикаға ұсынған жобалардың қаржыландырылуын пысықтау керектігін жеткізді.

Мұнан кейін мәжілістің күн тәртібінде алдағы жылу беру маусымына қатысты мәселелер де қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Жалғас Оңғарұлы алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс екендігін айтып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту бөлімдері мен басқа да нысандардың барлығы толығымен дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.

БӨЛІСУ