Бүгін аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев спорт саласының ардагерлері мен спортшыларын кәсіби мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары облыста, ауданда спорт саласына көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша» деп атап, спорт саласының инфрақұрылымын жақсартуға нақты тапсырмалар жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірімізде спорт саласында нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Биыл спорт саласына облыстық бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда аймақта 20 спорт кешені пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды. Ерлер мен әйелдерге арналған тұңғыш «Қызылорда бокс клубы» өз жұмысын бастады. Өткен жылы Қызылордада 3 млрд. 400 млн. теңгеге заманауи «Теннис орталығы» ашылды. Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен салынып жатқан Қызылорда қаласында 26 млрд. 500 млн. теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион қыркүйек айында ашылады. Облыс орталығында құны 20 млрд. 500 млн. теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданымызда да спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде, ауданда тұрақты спортпен шұғылданушылар 40,5 пайызға жетті, – деді Димаш Серікбайұлы.
Аудан әкімінің орынбасары сала ардагерлері мен спортшыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сертификаттар табыс етті.
Өз кезегінде сала ардагерлері кәсіби мерекемен құттықтап, ризашылықтарын жеткізді.