ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

 Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте жаңа 2025–2026 оқу жылына дайындық барысы қаралып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

 «Оқу жылына мектептерді сапалы дайындау – аса маңызды мәселе. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары, сыртқы және ішкі санитарлық-тазалық шаралары білім бөлімі тарапынан күнделікті бақылауда болуы тиіс. Мектептердің сыртқы келбетінен бастап, оқу кабинеттері, спорт залдары, асхана секілді барлық орындар санитарлық талаптарға толық сай болуы керек. Әсіресе, сыртқы тазалық жұмыстарына ерекше назар аударыңыздар. Жауапты сала басшылары өздеріне жүктелген міндеттерге жоғары жауапкершілікпен атқаруы қажет», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

 Жиын барысында аудан әкімі 20 тамызға дейін барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайын болуын, оқушылардың қажетті оқулықтармен толық қамтылуын, аудан көлемінде «Мектепке жол» республикалық акциясының кең көлемде ұйымдастырылуын, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық паспорттарының толық рәсімделуін, алдағы жылу маусымына дайындықтың толық қамтамасыз етілуін міндеттеді.

 Сонымен қатар, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің де жаңа оқу жылына дайындығы сапалы ұйымдастырылып, оқу-әдістемелік жұмыстар, колледж ғимаратының ішкі-сыртқы тазалығы және жылу маусымына дайындығы толық талапқа сай орындалуы тапсырылды.

 Барлық берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.

БӨЛІСУ