Шиелі ауданында 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында дәстүрлі Балаби баба атындағы қазақ күресінен XIV республикалық турнир өз жалауын көтерді.
Жарыс Шиелі кентіндегі дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтуде. Ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Құрмет орденінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Марат Жақыт және турнирдің бас демеушісі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Темірхан Әлімқұлов сөз алып, қатысушыларға қолдау білдірді.
Шара барысында Тәжікстан Республикасының қазақ күресі федерациясының президенті Далер Ниёзов қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі үшін Темірхан Әлімқұлов пен Ғабит Тажбановты Тәжікстан қазақ күресі федерациясының арнайы медалімен марапаттады.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнирге Қазақстанның 11 облысынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген жас палуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда.
Қазақ күресін дәріптеп, жас спортшыларымыздың шынығуына серпін беретін бұл дода жоғары деңгейде өтуде!