ЦИФРЛЫҚ САУДАНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте сауданың цифрлық трансформациясы және ана мен баланың өлім-жітімін төмендету шаралары, сондай-ақ, қосымша мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді.

 Сауданың цифрлық трансформациясы – сауда саласын жаңа технологиялар арқылы заманауи, тиімді және жылдам ету процесі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты – электрондық сауда. Қазіргі таңда қоғамда электрондық сауда, мобильді аударымдар арқылы сауда-саттық жасау өте ыңғайлы құрал болып отыр.

 Пошта немесе интернет желісі арқылы тауарларға тапсырыс беру арқылы бөлшек сауда экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуі бойынша ауданда 140-қа жуық кәсіпкерлік субъектісі кірістер басқармасына тіркеліп, жұмыс жасауда.

 «Осы бағытта жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін жан-жақты насихаттап, тауар өндірушілердің өнімін онлайн-сауда платформалары арқылы өткізу бағытында жұмысты жандандырыңыздар. Әрбір елді мекенде кәсіпкерлерге кеңес беріп, электрондық сауданың артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс. Жаңа форматта жұмыс істеуге бейімделген кәсіп иелері ғана қазіргі бәсекелі нарықта өз орнын таба алады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тек қағаз жүзінде емес, нақты нәтиже беретіндей ұйымдастырылуы қажет», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

 Екінші мәселе бойынша да жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Ана мен баланың өлім-жітімін төмендету – денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, ауылдық медицина ұйымдарының қолжетімділігі, медициналық қызмет сапасын арттыру, сондай-ақ, әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы 2 жылда жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Аламесек, Мырзабай ахун, Қаракеткен ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаториялар типтік жобада салынып, қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған.  Сондай-ақ, өткен жылы аудандық денсаулық сақтау саласына 11 жедел-жәрдем автокөлігі табысталды.

 «Ана мен баланың өлім-жітімін болдырмау және оның алдын алу бағытында перинаталдық көмекті күшейту қажет. Ауылдық округтердегі дәрігерлік амбулаториялардың қалыпты жағдайда жұмыс жасауын қамтамасыз етіңіздер. Медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып, халыққа сапалы қызмет көрсетілуін қатаң бақылауға алыңыздар. Тұрғындар тарапынан наразылықтар туындамауы бағытында жұмысты күшейтуді тапсырамын. Тұрғындарға тегін берілетін дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті болуы тиіс. Әрбір ана мен баланың өмірі біз үшін аса құнды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға селқос қарауға мүлде болмайды», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеліп, орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.

БӨЛІСУ