5 ТАМЫЗ – МЕДИАТОРЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

5 тамыз – Медиация күніне орай Қазалы ауданында кәсіби емес медиаторларға арналған кездесу өтті. Руханият орталығында ұйымдастырылған шарада қоғам тыныштығы мен татулығын сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар алғысқа бөленді.
Қазақ халқы – ежелден дуалы сөзге тоқтаған, дау-жанжалды әділеттілікпен шешуге ұмтылған дана халық. Бұрынғы заманда екі адамның арасындағы келіспеушілікті билер мен төрелер әділ шешіп, қоғамдағы татулық пен ынтымақты сақтауға себепкер болған. Бүгінгі таңда бұл дәстүр жаңаша сипат алып, медиация ұғымымен қайта жаңғырып отыр.
Қазіргі қоғамда дауларды үшінші, бейтарап тұлғаның көмегімен бейбіт жолмен шешу – уақыт талабы. Бұл бағытқа заң жүзінде де қолдау көрсетіліп, елімізде «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Бұл заң — қоғамда медиация институтының дамуына, азаматтық бірлік пен әлеуметтік келісімнің нығаюына ықпал етуде.
Кездесу барысында Қоғамдық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Алтынбекұлы сөз сөйлеп, медиацияның маңыздылығын атап өтті:
– Ел болған соң, ел ішінде түрлі пікір қайшылығы мен келіспеушіліктер орын алуы заңдылық. Осындай сәттерде халықтың бір-бірімен татуласуына, түсіністікпен қарауына медиаторлардың еңбегі өлшеусіз. Ауданымызда жыл басынан бері 8 дау сотқа жетпей, тараптар өзара келісімге келді– деді ол.
Медиация саласында белсенділік танытып, қоғамдық келісімді сақтау жолында еңбек етіп жүрген кәсіби емес медиаторларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сый-сияпаттар табысталды.
Сонымен қатар, тұрмыстық жанжалдар мен дау-дамайларды шешуде белсенді жұмыс атқарып жүрген кәсіби медиатор Қаналы Бағнес «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Кездесу барысында сөз алған медиатор Әбсұлтанов Байғабыл өз ойымен бөлісіп, бейбітшілік пен татулықты сақтауға бағытталған әрбір әрекеттің қоғам үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Ол медиация әдісінің шиеленістерді төмендетуге, дауларды сотқа дейін шешуге ықпалын зор екенін айтып, әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазалы ауданында 105 кәсіби емес медиатор тіркеліп, халықпен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Олар күнделікті өмірде туындайтын дауларды шешуде алтын көпірге айналып отыр.

БӨЛІСУ