ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙІП, ЖАҢА НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында құрылыс саласы ерекше қарқын алып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың саны артып, сапалы жаңартулар жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет баяндады.

— Биылғы 6 айдың ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 5,6 млрд теңгеден асты. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Тұрғын үй құрылысы бойынша 22 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 2 пәтерлі 74 тұрғын үй салынып, 148 отбасы баспаналы болса, биыл тағы 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін 100 отбасыға жаңа пәтер табыстаймыз. Жыл басында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы қайта басталды. Қазіргі таңда көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Вокзал жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудан орталығы мен ауылдарда демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынып жатыр. Бұл нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді, — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Бүгінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту туралы тапсырма берген болатын. Биыл Қазалы ауданының халқы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады.

– Ауызсумен қамту бойынша өткен жылы екі елді мекенге (Ажар, Жұбан) су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Биыл Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы қыркүйек айында толықтай аяқталғаннан кейін, Қазалы ауданы халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді, — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

БӨЛІСУ