Биыл Қызылорда облысында жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында 42 миллиард теңге қаржы қаралып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, жаңадан салынып жатқан жол құрылыстарының сапасына баса мән беріліп отыр. Осы орайда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ҚОФ мамандары БАҚ өкілдерімен бірге қала аумағындағы бірқатар нысандарға жылжымалы зертханамен тексеру жүргізіп, арнайы пресс-тур ұйымдастырды.
Қаланың жол қатынасын оңтайландырып, көлік кептелісі мәселесін шешуге бағытталған Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы кеңейтіліп қана қоймай, бүгінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін ұзарту көзделген. Яғни, Сырдария өзенінің бойымен 2,8 шақырым жаңа жол салынып, дария бөгетін нығайту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мердігер «УАД» мекемесі. Жоба бойынша жол төрт жолақты болады. Алдымен топырақпен үйілген жер қабаты нығыздалып, 25 см малта тасты құмды қоспа салынды. Содан кейін 8см қиыршық тас пен 6 см ірі түйіршікті ыстық асфальт бетон қоспасы төселуде. Ең соңғы қабатына қиыршық тасты мастикалық асфальт бетон қоспасы салынады. Жалпы алғанда жаңа жолдың қалыңдығы 44 см құрайтын болады.
Сондай-ақ, тағы бір маңызды жоба «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолының қала аумағынан өтетін 2-12 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстары. Бұл нысан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр. Жөндеуден өтіп жатқан автожол шаһардың іргесіндегі Қарауылтөбе, Досан, Абай елді мекендері мен Бәйтерек мөлтек ауданы тұрғындарының көлік қатынасына оң септігін тигізеді. Ұлттық сапа орталығының жылжымалы зертханасымен жаңадан төселген асфальт жабындысынан сынама алынды. Мамандар бұған дейін де 40 мәрте тексеріп, барлығы 122 сынама зертханалық тексеруден өткен.
—Орташа жөндеуден өтетін автожолдың ұзындығы 9,5 км. Ені – 14 метр болады. Жер төсемесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 7,3 шақырымында жолдың негіздемесі 20 см қалыңдықта ресайклерлеу әдісімен жасалды. Содан кейін 6,0 шақырым ұзындықта 8 см ірі түйіршікті асфальт төселіп, жамылғының жоғарғы қабатына 5 см қиыршық тасты мастикалық асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бүгінде жоғарғы қабаты бойынша 1,6 шақырымы орындалды. Жоғарғы қабаты төселген учаскелерде кезең кезеңімен жол қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда.-дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Жол құрылысынан алынған барлық сынама орталықтың заманауи зертханасында сараптамаданөтеді. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы асфальт жабындысының тығыздығы, суға қанығукоэфиценті өлшеніп, оның құрамындағы қиыршық тас пен құмның да сапасы анықталады.
Айта кетейік, бүгінде Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары республикалық жолдар бойынша 11 нысанға, облыстық маңыздағы 10 жобаға, аудандық және елді мекендерді ішкі жолдар 88 жолға, қалада 16 көшенің құрылысына бақылау жүргізуде.