Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл бағдарлама аясында ауданға 55,8 млн теңге бөлініп, оған 9 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіп иелері туралы келесі бейнематериалда.
Қалжан Ахун ауылындағы мына жылыжай толықтай автоматтандырылған. Ауыл тұрғыны Серік Әбжалиев «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, аумағы 200 шаршы метр болатын осы жылыжайды салған. Мұнда қазір 600 түп қияр күтіп бапталуда. Мамандар күн сайын қатарларды аралап, өнімнің өсіп-жетілуін бақылап отырады.
СЕРІК ӘБЖАЛИЕВ – КӘСІПКЕР
“Жылыжаймен айналысып жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Жолдасым екеуміз осындай өсімдіктерді өсіруге жақынбыз. Ең бірінші үйжақта егп көрдік қиярды. Содан біз екі реттен өнім алып жүрдік. Уақыт өте келе осы шаруаны кәсіп көзіне айналдырғымыз келіп, үлкейтейік дедік. Сосын біз «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен 8,6 млн алдық. Осылайша бастап кеттік. Содыр деген түрі. Март айынан бастап ектік, 45 күннен кейін өнімін ала бастадық. Қазір күніне 50-60 келідей шығып тұр.”
Ал, Өмірхан Бержанов мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылысқа қажетті құмблок басып шығаратын арнайы станок сатып алып, шағын цех ашыпты. Шетелдік қондырғы тәулігіне мың данасын басып шығарады. Мұнан бөлек, тас төсеніштер де осындай дайындалады.
ӨМІРХАН БЕРЖАНОВ – КӘСІПКЕР “Ауыл аманаты жобасы арқылы 7 млн 300 мың несие алдым. Осы кәсіпті бастау үшін. Жобаның арқасында қазір кәсібіміз алға басып келе жатыр. Шығарылған өнімімізді ауыл және аудан тұрғындары, онан бөлек басқа да ауданнан келіп алып кетіп жатыр. Қазір 3 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта үлкейтсем ба деймін.”
Сырдариялық Нұрсұлу Ажарова да кәсібін жақында бастаған жандардың бірі. Қолөнер шебері жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен 4 млн 600 мың теңге несие алып, тігін машинасын сатып алыпты. Қазір қыз жасауынан бастап, көрпе көктеп, жұмсақ ойыншықтар тігумен айналысады. Ісмердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс жоғары.
“Ауыл аманаты” жобасы сырдариялықтарға серпіліс әкелді десек қателеспейміз. Себебі жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап берілуде.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.