ЖАҢА СУ КОДЕКСІ КҮШІНЕ ЕНДІ

Жаңа Су Кодексі күшіне енді.
Ағымдағы жылдың 10 маусымынан бастап жаңа Су Кодексі күшіне енді. Жаңа құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болды. Сонымен қатар, жаңа Су Кодексіне сәйкес, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтілді, жедел ден қою шаралары енгізілді, айыппұл көлемі едәуір өсті (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 138, 141, 358, 359, 359-1, 360, 362, 363 және 365 баптары).

ҚР Су Кодексінің 17 бабына сәйкес, су пайдаланушы шаруашылық құрылымдармен тұрақты суару үшін су жеткізіп беру қызметіне келісім-шартқа отырып, су жеткізіп беру қызметіне уақытылы төлем жасап, суды рұқсат етілген нормасынан артық пайдаланбауы тиіс. Рұқсатсыз немесе шарттарсыз жүзеге асырылатын су пайдалану немесе су тұтыну Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

ҚР Кәсіпкерлік Кодексі су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылды. Тәжірибе көрсеткендей, суды өз бетінше пайдалану бөлігінде су заңнамасының бұзылуына жедел ден қою тетіктерінің болмауы, жекелеген су тұтынушылар тарапынан белгіленген су алу лимиттерінен асып кетуі жаппай орын алған.

Сондықтан, алдағы уақытта судың «қара нарығын» жою және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін біз мемлекеттік бақылауды күшейтеміз. Қазақстан Республикасы Су Кодексінің талаптары қатаң сақталуы тиіс. Қабылданған жаңа құжат құқық бұзушылықтарды жоюға және еліміздің су ресурстарына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

БӨЛІСУ