Су – тілсіз жау. Бұл ретте, ескертулерге құлақ аспай, белгіленген ережелерді сақтамауы, ата-аналардың өз балаларын қадағаламауы орны толмас өкінішті жағдайға әкелуі ықтимал. Осыған орай қала әкімдігі, облыстық білім басқармасы, төтенше жағдайлар мен полиция департаменті өзен-канал бойында күнделікті рейдтік шаралар жүргізіп, тұрғындарға профилактикалық түсіндірме жұмыстарын тұрақты жасауда.
Жергілікті атқарушы органдары жаз мезгілінде судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу бағытында белгіленбеген суға түсетін орындарға «Суға түсуге болмайды», «Су тілсіз жау» және басқа да тақырыптарда 43 дана тақтайша орнатты. Сонымен қатар елді мекендерде 13 дана билборд орнатты.
Бәрімізге белгілі жылдың маусым, шілде, тамыз айларында күннің температурасы 40-45 градусқа дейін жоғарылап, аудан тұрғындары кез-келген жерлерге суға шомылып, ішімдік ішіп, суға кетіп жатқан жәйттар аз емес.
Жалпы Қызылорда қалалық Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан аудан аумағында суға түсуге арналмаған су айдындарында азаматтардың (балалардың) қазасын болдырмау мақсатында суға шомылу маусымы кезеңіндегі «Қауіпсіз су» айлығын ұйымдастыру туралы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бұйрығына сәйкес қала аумағындағы су айдындарында тұрғындардың суға түсетін жерлерінде суға шомылу маусымы аяқталғанға дейін күнделікті сағат 12.00-20.00 аралығында Төтенше жағдайлар бөлімі, Полиция бөлімі, еріктілерімен және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе үгіттеу-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейд жұмыстарын жүргізу кезінде суға шомылып жүрген балаларға ауызша ескертулер жасалуда.
Ескертпені елемеген азаматтарға хаттамалар толтырылуда.
Бұл жерде баса айтатын мәселе – бала ата-ананың бақылауынан тысқары қалмауы қажет. Сондықтан «сақ болсаң, сақтаймын» деген ұстанымға бекем болайық!