Бүгін әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында ана мен бала денсаулығын сақтау саласында медициналық көмек, профилактикалық жұмыстарды жетілдіру мәселелері мен жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу, жыныстық тәрбие туралы білімді жетілдіру бағытындағы атқарылып жатқан шаралар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы әйелдер арасындағы ақпараттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды.
Демографиялық өзгерістер Қазақстанның болашағын анықтауда маңызды рөл атқарады. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында қарқынды өсу тиімді демографиялық саясатты талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті халыққа Жолдауында еліміздегі демографиялық ахуалдың көңіл көншітпейтінін айтып, Үкіметке бірқатар тапсырма берген. «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», – деген еді Президент.
Комиссия отырысының қорытындысымен қаралған мәселелер бойынша комиссия мүшелері мен тиісті сала басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.