Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында мердігер мекеме өкілімен кездесіп, құрылыс қарқыны мен сапасына баса назар аударды.
Аудан басшысы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына тоқталды. Дәрігерлік амбулатория жаңарғаннан кейін тұрғындардың денсаулығын жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті.
Медициналық ғимаратты күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 328 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда амбулаторияда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, инженерлік желілерді жаңарту, жылу жүйесін жетілдіру, есік-терезелерді ауыстыру, санитарлық тораптарды жөндеу сынды ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Өңірде медицина қызметкерлерін шетелде оқыту үрдісі 5 жылдан соң қайта жаңғыртылып, қолға алынды. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де басты назарымызда. Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінді. Облыстың медициналық ұйымдарының 30 дәрігері хирургия, эндоскопия, неврология, кардиохирургия, неанаталды хирургия, балалар ортопедиясы бойынша Түркия, Ресей, Беларусь Республикаларының жетекші клиникалық-академиялық базаларында білім жетілдірді. Колледж оқытушыларының өзге елдерде тағылымдамадан өтіп, жастардың да тәжірибе алмасуы ертеңгі күні өз жемісін береді. Бүгінгі жас маман – ертең адам өмірі мен денсаулығының сақшысы.
Өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидент облыс әкімінің грантымен білім алуда. «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлінді. Халықаралық байланыстың артуы болашақ тәжірибелі мамандар даярлауға зор үлес қосуда.
Айта кетейік, соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.