Ауыл шаруашылығы алқаптарында үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда жоспарланған көлемнің 80,1 пайызы, яғни 1,7 млн гектар жер өңделді.
Түркістан облысында жұмыстар іс жүзінде аяқталды — 371 мың гектардан астам алқап өңделді. Жамбыл облысында 81,3 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді.
Еліміздің тағы 13 өңірінде өңдеу жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе облысында – 351 мың га, Қостанай облысында – 345,7 мың га, Батыс Қазақстан облысында – 177,5 мың га, Қызылорда облысында – 58,6 мың га, Қарағанды облысында – 34,2 мың га көлемінде күрес шаралары жүзеге асырылды.
Жалпы 443 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылған, оның ішінде 24 ұшақ, 49 ұшқышсыз ұшу аппараты және 30-дан астам аса жеңіл авиация техникасы бар.
Көктемгі маусымдық қорғау шаралары аясында Қызылорда облысында үйірлі шегірткелерге қарсы белсенді күрес жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі күні өңірде өңделуге жоспарланған 17,132 мың гектардың 10,524 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптары өңделді.
Шегірткеге қарсы күрес шаралары Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді. Жұмысқа 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, 45 арқаға асылатын бүріккіш жұмылдырылды. Мониторинг жұмыстарына 48 маман тартылған.
Облыс бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу үшін болжанған жалпы аумақ — 60,024 мың гектар. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған.
Өңірде облыс әкімінің орынбасары басқаратын жедел штаб жұмыс істейді, осындай штабтар аудан деңгейінде де қызмет етуде. Жергілікті жерлерде мониторинг жүргізу және іс-қимылды үйлестіру үшін 279 адам тартылған.
Жалпы, үйірлі шегірткелердің дернәсілдерін анықтау мақсатында 445,8 мың гектар жерге зерттеу жүргізілді. Күрес шаралары АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің бақылауымен өтуде. Егін алқаптарының зақымдану жағдайы тіркелген жоқ.
Өңдеу жұмыстарының барысын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қадағалап отыр, ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының шекарасында бақылауды Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жүзеге асыруда.
Өңірлерде мониторинг және күрес жұмыстары жалғасуда.