САЛАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

 Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Білім саласы және әлеуметтік кәсіпкерлік кеңесі мен Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінің бірлескен отырысы өтті.

Жиынға Білім саласы және әлеуметтік кәсіпкерлік кеңесінің төрағасы Дүлдүл Руслан төрағалық етіп, Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық жүргізді. Сондай-ақ, Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінің төрайымы Ақмарал Абдразакова, кеңес мүшелері мен мемлекеттік орган өкілдері және палата қызметкерлері қатысты.

Кеңес отырысында кәсіпкерлер арасында бүгінгі таңда өзекті — Қоғамдық тамақтану және мейрамхана бизнесі саласындағы кадр қажеттілігін шешу жолдары талқыланды. Шараға қатысушы бизнес өкілдері, соның ішінде ЗУМ байланысы арқылы, өздерінің мәселеген қатысты ұсыныстарын білдірді.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Битасова — облыс деңгейінде тамақтан улану жағдайларының эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру және оның алдын-алу шаралары туралы баяндап, кәсіпкерлердің бірқатар сұрағына жауап берді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгерім Әлиева кәсіпкерлік саласындағы тіл туралы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етудегі жаңа талаптар жөнінде айтып, кәсіпкерлік нысан атауларында мемлекеттік тіл туралы заңнаманың қатаң сақталуын сұрады.

Сонымен қатар, «Сауда, қызмет көрсету және туризм» салалық кеңесінің мүшесі, ішкі туризм бағытында лицензиясы бар тур оператор Елена Когай Байқоңыр ғарыш айлағына алдағы уақытта туристердің көптеп келуіне байланысты жергілікті қонақ үй және ресторан саласындағы бизнес өкілдерін серіктестікке шақырды.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселелер кеңес мүшелерімен кеңінен талқыланып, ұсыныстар айтылды.

БӨЛІСУ