Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 39 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, әкімдікке қарасты дербес бөлімдер басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлы төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №347 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жарылқап Бахытжан Дүзелбайұлы хабарлама жасап, бюджетке енгізілген өзгерістермен таныстырды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш Ақтан батыр ауылындағы мектеп, балабақшаны табиғи газға бейімдеу жұмыстарына жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қарастыру, Әйтеке би кентіндегі жаңадан ашылған мәдени демалыс кешендегі қоғамдық тәртіпті, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында полицияның тірек пунктін орнату, Т.Бөріқұлақов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыру, Привокзальная көшесіне жарықшам орнату жұмыстарын бір ай мерзім ішінде аяқтау қажеттігін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың депутаттары: Әділбек Сарабеков Жанқожа батыр кесенесінің оң жақ (көше) бетін абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлу, Райымбек Бөлебаев Мұратбаев ауылындағы мәдениет үйіне музыкалық аппаратура сатып алу туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Екінші мәселе бойынша «Әйтеке би кентінің кейбір көшелеріне қайта атау беру туралы» аудан әкімінің орынбасары Әлиев Жәнібек Алмасұлы, үшінші мәселе бойынша «Әйтеке би кенті бюджетінен қаржыландырылатын ұйымның жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы» Әйтеке би кентінің әкімі Әбиев Әліби Берікұлы хабарлама жасады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш алдағы уақытта Әйтеке би кенті бюджетінен қаржыландырылатын «Қазалы абаттандыру» коммуналдық мемлекттік мекемесі қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсынысын айтты.
Сессия соңында аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы сөз сөйлеп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің маңыздылығына тоқталды. 2025 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 18 млрд. 923 млн. теңгеге бекітіліп, бүгінгі күнге 19 млрд. 393 млн теңгеге жетті. Оның ішінде өз кірістеріміздің жоспары 3 млрд. 123 млн. теңгеге бекітіліп, қосымша 278 млн. теңгеге ұлғайтылды. Алдағы уақытта халық қалаулыларымен ҚР Президентінің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін жоғары деңгейде жүзеге асырып, ауданда басталған игі бастамаларды одан әрі дамыту жолында аянбай жұмыс істеуге шақырды.
Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.