Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Сақтағанұлы Биахметов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында вице-министр аймақтың әлеуметтік-еңбек қатынастары мен өндірістік саласының дамуына қатысты бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орталығы — өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін қаладағы жылу мен электр энергиясына деген сұранысты тиімді өтеуге мүмкіндік береді. Жылу электр орталығы қолданысқа берілгесін 200 адам жұмыспен қамтылатын болады. Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба – Қызылорда қаласынан 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығын салу. Құны 215 млрд теңге болатын құрылысты Түркияның «Aksa Energy» компаниясы жүргізуде. Бүгінде орталық құрылысына 137 млрд теңгеден астам инвестиция салынды.
Жоба аясында қуаттылығы 180 МВт болатын 2 газ-турбина қондырғысы (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) қойылады. Қазіргі кезде негізгі қондырғылар жеткізіліп, орнатылуда. Құрылыс жұмыстарының 70%-ға жуығы аяқталды.
Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында салынатын, құны 800 млрд теңге, қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ қондырғыларының құрылысы – оңтүстік өңірлердің энергетикалық тәуелсіздігіне бағытталған мегажоба. «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөз жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Жаңа бу-газ қондырғыларын салу үшін облыс әкімдігі 280 гектар жер телімін бөлді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өте маңызды жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Сапар аясында вице-министр кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, еңбек жағдайлары, өндірістік қауіпсіздік, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылап, еңбек қатынастарын жетілдірудің өзекті бағыттарын атап өтті.