Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Педагогика және дәстүрлі өнер институтының студенттерімен “Вандализм — қоғам дерті” тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге институттың 70-ке жуық студенттері қатысты.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, “Қоғамдық келісім” КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров Сыр өңіріндегі ҚХА құрылымдары мен 11 этномәдени бірлестіктердің жемісті жұмыстары және қоғамға зиян бес кеселден сақтану жолдарын қозғады.
Топ мүшелері студенттерге вандализм, нашақорлық, қауіпті ойындардан сақтану мен олардың зияндығы туралы 70-ке жуық ақпараттық бүктемелер таратты.
Қоғам мүлкін, рухани-мәдени құндылықтарды бүлдіріп, қорлап, талан-тараж еткен вандалдардың тарихтағы ізі сонау V ғасырда Рим империясының жұртында жатыр. Батысқа бет алған ежелгі шығыс германдық тайпалар қаланы тонап, ғажайып өнер туындыларының тас-талқанын шығарды. Құнды заттарды қолды етті. Есіріп, елірген вандалдар Римді басып өтіп, қазіргі Франция, Испания, одан әрі Гибралтар бұғазы арқылы Африкаға дейін сапар шегіп, жүріп өткен жолдарын тып-типыл тонап отырды деген деректер жазылған тарихта. Оларда мәдени мұраға, сәулет өнеріне деген құрмет, тіпті, құндылықтарды түсінерлік сана да болмағаны анық. Оқушы кезімізде осы секілді әсем ғимараттарды қиратып, сұлулықты әп-сәтте жоқ қылған вандалдардың варварлық әрекеттері туралы оқиғалар бізге ескі заманның ертегісі секілді көрінетін. Бала көңіліміз жабайылық өткен ғасырлардың еншісінде қалды деп сенді. Алайда уақыт ұршықтай дөңгелеп, қанша ғасыр өткенмен, ұрпақтар алмасып, заман жаңғырғанмен, осы бір ежелгі жабайы мінез адамзатпен бірге бүгінге дейін жетіп отыр. Өкінерлік, опынарлық жайт. Әлемде вандализм әрекеттері сирек кездесетін елдер бар. Олар бұл жағдайға қатаң жаза тағайындап, қылмыспен күресті жүйелі жолға қойған. Біздің елде, өкінішке қарай, әлі күнге мәдени ескерткіштерге шимай-шатпақ жазулар жазып, қоғамдық орындарды бүлдіріп кететіндер саны азаймай отыр.