Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліс отырысында жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
«Жылу беру маусымына өрт қауіпсіздігі үнемі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі екенін білесіздер. Сондықтан жылу беру маусымында ешқандай оқыс оқиғаларды болдырмай, оның алдын алу бағытында нақты жұмыстар атқарылу қажет. Құзырлы органдарға жылу беру маусымында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөнінде берілген тапсырмалар толық және сапалы орындалу қажет.
Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында төтенше жағдайлар бөлімімен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар күшейтілсін.
Сонымен қатар, жұмысшы топпен бірге аудандағы барлық әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға жадынамалар таратып, үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ, Жалағаш кентінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді жылу маусымы кезінде қатаң бақылауға алу қажет»,-деді Ардақ Ибраимов.
Жалағаш кенті және ауылдық округ әкімдері жауапкершілікті аудандық төтенше жағдайлар бөліміне ысырып қоймай, жеке тұрғын үйлерді аралап, улану жағдайларын болдырмау мақсатында тұрғын үйлердің моржаларын 2-3 реттен тазалау қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізу тапсырылды.
Аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар адамдар мен көп балалы отбасылар назардан тыс қалмауы қажеттігін қатаң ескетті.
2024 жылы Ақсу және М.Шаменов елді мекендері газға қосу жоспарлануда. Осы ретте, тұрғындарға газ және электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен ережелері туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша республикалық және облыстық бюджет есебінен берілетін тегін дәрі-дәрмектердің тұрғындарға толық қолжетімділігін қадағалап, тоқсан сайын есебін жүргізу ескертілді. Аудан тұрғындары тарапынан ешқандай мәселе көтерілмеуі қажет екенін айтты.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовке жүктелді.