ОБЛЫС АУМАҒЫНДАҒЫ ҚАЛАЛАР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Аймақ тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 98,4 пайызды құрайды. Облыс аумағында 4 қала және 230 ауылдық елді мекен бар. Барлық қалалар 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды. Жыл басынан атқарылған жұмыстарын баяндаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 26 елді мекенді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жол картасы әзірленгенін айтты.

— Жол картасы аясында 5 елді мекенді топтық су құбырына қосылып, 4 елді мекенге су тұщытқышын орнатылады. 3 елді мекенде ішкі су жүйесінің құрылысы жоспарланған. Биылға жоспарланған жобалар бойынша барлығы 88 шақырым ауыз су және 23 шақырым су бұру желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы 28 жобаны іске асыру жоспарлануда, — деді басқарма басшысы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин жаңа электр орталығың жұмыс барысын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша электр орталығындағы негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, бүгінде газотурбиналық қондырғылар мен жылу қазандығы құрылыс алаңына жеткізілген. Жаңа жылу электр орталығы облыс аумағын электр энергиясының қажеттілігін толығымен қамтып, артылғанын басқа өңірлерге жіберуге мүмкіндік береді.

-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвесторы «Акса Энерджи» түрік компаниясы болып табылады. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан жылу орталығының құрылысына инвестиция салынды. Станцияны 2025 жылдың 4 тоқсанында іске қосу жоспарлануда,- деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, бюджет есебінен жылу электр орталығын газбен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге жұмыстар 80 пайызға орындалды.

БӨЛІСУ