ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АСЛАН ЕЛДІБАЙҰЛЫН ЖЕРЛЕСТЕРІ ҚОШЕМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Черногория мемлекетінің Будва қаласында өткен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Аслан Елдібайұлын жерлестері қошеметпен қарсы алды.
92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Аслан Елдібайұлы, Қырғызстан спортшысын 4:0 есебімен ұтып, айқын басымдылықпен Қытай спортшысын накаутка жіберіп, Өзбекстан өкіліне 1:4 есебімен жол берген спортшымыз қола жүлдені иемденді.
Талай дүбірлі додада топ жарып ел намысын абыроймен қорғаған бокстан спорт шебері Аслан Елдібайұлы №7 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бітіруші түлегі. Көк туымызды көкке көтерген Аслан Елдібайұлы қазақстандықтардың үмітін ақтап, рухын аспандатты.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов әлем чемпионатының жүлдегерін құттықтап, астына атбозат мінгізіп, бапкерлеріне қаржылай сертификат табыстады.
-«Бұл жеңіс – алтынға бергісіз ауданымыз үшін спорт саласындағы зор жетістік болды. Елдігіміздің еңсесін көтеріп, көк туымызды әлемдік аренада желбіретер – өзіңдей жастар мемлекетіміздің, тұтастай халықтың мақтанышы деп білемін.»- деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, ауданның құрметті азаматтары Серік Мұсабай мен Мадияр Ахметов Асланды әлі талай спорт бәсекесінде Олимпиадада ел абыройын биікке көтеретініне сенім білдірді.

Іс-шарада Аслан Елдібайұлы бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын, жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшін салатынын айтты.

БӨЛІСУ