Сыр сүлейлері шығармаларындағы шығыстық дәстүр» жобасы аясындағы зерттеу жұмыстары жалғасуда
«Сыр сүлейлері шығармаларындағы Шығыстық дәстүр» жобасының күнтізбелік жоспарына сәйкес жоба қызметкерлері Түркия мемлекетінің Анкара, Стамбул қалаларында іссапарда болды. Мақсат – жібі үзілмеген байланысты нығайтып, әріптестермен пікір бөлісу, толыққанды зерттеу жасау, материал жинау, тәжірибе толыстыру.
Ғылыми жұмысты шыңдау үшін Стамбул университетінде, Стамбул университетінің орталық кітапханасында, Анкара қаласындағы Қажы Байрам Вели университетінде болып, профессор-оқытушылармен кездесіп, әдебиеттің айналасында, әдеби дәстүр турасында ой-пікір өрбітті.
Анкара қаласындағы Қажы Байрам Вели университетінде өткен семинарға қатысып, түркі халықтарына ортақ мұраны зерделеудің маңызын талқылады.
Семинар жұмысында университет ғалымдары ғылыми байланысты нығайта түсу аясында алдағы уақытта жасалатын ғылыми зерттеулердің тақырыптық, мазмұндық аясын кеңейтуге қатысты ұсыныс айтты. Тақырыптың өзектілігіне қатысты сан сауалдар да көтеріліп, әріптестер пайымды пікірін ортаға салды.
Түріктермен ортақ ұқсастығымыз бар. Олар қазақтар секілді ізденімпаз, әрі қонақжай. Сапар барысында жоба қызметкерлері университеттің кітапхана қорын тиімді пайдаланып, жаңа ғылыми еңбектермен танысты, рухани азық жинақтады. Сонымен қатар Анкара қаласындағы Президенттік Ұлт кітапханасында болып, халықаралық ауқымдағы кітаптар қоры бөлімінде керекті материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Ендігі мақсат – оны қажетке жарату.