ӨҢІРЛІК КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында кезекті Өңірлік кеңес отырысы өтті.

Кеңесте облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Пайзуллаев өңірдің туризм саласындағы жобалардың перспективалары мен проблемалық сұрақтарын талдау жөнінде айтып, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Осы тұста өңірлік кеңес мүшелері облыстың туризм саласында қордаланған мәселенің көптігін айтып, оның ішінде қарапайым ғана «сувенирлер» тапшылығын және тарихи жерлеріміз көп болғанына қарамастан, кәсіби гидтердің жоқтығын айтты.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық «Облыста туризм саласын бір жолға қойып, жүйелендірмегенше дамымайды, осы орайда туризмді дамыту үшін бізге тұжырымдама қажет. Бұл мәселені жан-жақты зерделеп, алдағы уақытта құзырлы орган өкілдерімен бірлескен отырыс өткізуді ұсынамын» деді.

Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай облыста жол бойындағы сервисті дамыту аясында кәсіпкерлердің проблемалық мәселелеріне тоқталып, алдағы уақытта жолдарды кеңейту және сапасын арттыру мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша кеңес мүшелері Шиелі, Жаңақорған аудандарында мамыр айында өтетін көшпелі Кеңес отырыстарының жоспарын бекітті.

Сондай-ақ, Палата директоры Қарағанды облысының бизнес-қауымдастығы кәдеге жарату алымына тарифтерді жою немесе төмендету мәселесін көтеріп отырғанын, бұл бастама біздің аймақ үшін де маңызды екендігін айтып, кеңес барысында дауысқа салуды ұсынды. Нәтижесімен, көтерілген мәселені Өңірлік кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Алдағы уақытта кәдеге жарату алымына тарифтерді жою немесе төмендету мәселесі Ұлттық Атамекен кәсіпкерлер палатасына жолданатын болады.

БӨЛІСУ