«ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНТАНУ НЕГІЗДЕРІ» ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Орталықтың ұйымдастыруымен өткен аптада «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг өтті.
Іс-шарада дін саласы бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері: белгілі дінтанушы Дәлелхан Қоңырбайұлы жастар арасында рухани құндылықтарды түсіндіру және діни сауаттылықты арттыру бойынша өз тәжірибесімен бөліссе, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының» бас сарапшысы Асқар Кенжеев зайырлы қоғам және мемлекет дамуындағы зайырлылық принциптері, сондай-ақ, еліміздегі діни радикализм көріністері мен олардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар-тренинг барысында ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлер тарапынан жан-жақты жауаптар алды.
Жалпы, мұндай сипаттағы шараларды өткізудегі басты мақсат — жастарды тәрбиелеуде олардың бойына патриоттық сезімді дарытып, толеранттылық, зайырлылық қағидаттарын үйрететін ұстаздардың білімін күшейту және жасөспірімдерді жат ағымдардан сақтандыру болып табылады.

Қазақстан үшін зайырлылық – елдің ертеңі. Исламның тынысы. Тыныштық пен тұрақтылық кепілі. Ең басты құндылық. Сосын зайырлылық пен азаматтықты да ақыл таразысына тарта отыру керек. Мына дүниені жұмаққа айналдыру, Абайша айтқанда, «мимари деңгейде» қабылдаған кез келген қазақ – ұлтын сүйеді деген сөз . Мемлекет құқықсыз болмаған. Бірақ сол құқықтың иесі бар. Мемлекеттің де құрушы мәдениеті, ұлты бар. Сол мәдениет – құқықтың да иесі. Ал құқыққа бағыну, мойынсұну, сыйлау, құрметтеу деген психология адамға, алдымен мемлекеттен бұрын сол құқық иесіне деген құрметтен басталады.
Діни білім беру мәселесі де қоғамымызда өзекті тақырыптардың бірі. Себебі білім берудегі қоғамдық қажеттіліктер мен сол қажеттіліктерді қамтамасыз ету мәселесі арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Неге десеңіз, діни білім берудің теологиялық, зайырлылық және атеистік тенденциялары арасындағы ескі мен жаңа тартысы, сондай-ақ мемлекетіміздің ата заңында көрсетілген «зайырлылық ұстанымының» функциялық қызмет көрсету кеңістігі нақты емес. Ал қоғамда шешусіз діни мәселелер қордаланған үстіне қордаланып жатыр.
Кеше кеңестік кезеңде дін құбылысын реалды болмыс ретінде қабылдамадық, себебі коммунистік идеология атеизмге негізделді. Ол шаблон бойынша дінді тек қана формасы, көрінісі, онда да ескіліктің қалдығы ретінде тіршілік ету мүмкіндігіне тосқауыл қоятын «ғылыми атеизм» пәні арқылы түсіндірдік. Ал енді бүгін дін құбылысын тағы сол баяғы «дінтанушылық» ұстанымы арқылы түсінуге, білім беруде қолданғымыз келеді. Бірақ қоғамдағы діни сана үдерісі дінтанушылық ұстанымды мойындамай қойды. Бүгінгі қоғам кешегі атеизм бұғауынан шыққан, егемен мемлекет құрушы мәдениет, ұлт өкілі ретінде «діни санасы» еркіндікке ұмтылып, өзінің тіршілік ету ареалын кеңейткісі келеді.
Сондықтан қоғамда діни сананың қажеттілігі айқын көрініс беруде. Ал діни сана діннің сыртқы пішініне бағытталған білімге қарағанда, ішкі мәніне ден қояды. Діни сана иесі, яғни қазақ болмысы, діни таным мен діни тәжірибенің жандануына мұқтаж болып отыр. Міне осы тұста қоғамды басқа, бөтен діни таным жайлап, бұрынғы қазақтың діни санасы тағы қайта тұншыға түсті. Оның тұншығуы қоғамдағы мұсылмандық түсініктердің ала-құлалығы мен өзара екі жікке, екі дұшпан құтыпқа, жамағатқа ажырауына себеп болып отыр. Тағы да зардап шегіп отырған «діни сана». Діни сана бұл жерде қазақ ұлттығының, мәдениеттілігінің мазмұндық сипаты. Бүгін еліміз егемендігін жариялап, зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде ұзақ та арналы жолға түсіп отырғанда дін және мемлекет қатынасындағы осындай қабаттарды ғылыми негізде шешуге кірісуі тиіс деп ойлаймын.
Мемлекет пен дін екі бөлек институт. Екі институт өзара қоғамдағы орны мен рөлін мойындай отырып, құқықтық, демократиялық ұстанымды басшылыққа алады. Бұл жерде дін құбылысы да мемлекет сияқты (теократиялық емес), құқықтық, демократиялық ерікке бой ұсынып, халықтық билікке бағынады. Енді зайырлы мемлекетте дін және саясатқа қатысты ұғынылуы шарт терминдер мен тіркестер бар. Олар мыналар «діни саясат», «дін саясаты», «саяси дін».
Осы жердегі «діни саясатты» өз еліміздегі мысалдар арқылы түсіндірер болсақ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жүргізеді. Бұған мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнында муфтиаттың барлық іс-шаралары жатады. Мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазхабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру шаралары, бірақ бұл шаралар да құқықтық шеңбер ішінде болады.

БӨЛІСУ