Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ветеринария саласын дамыту бағытында негізгі жұмыстарды атап өткен болатын. Осыған орай біздің өңірде де аймақ басшысының қолдауымен аталмыш салаға көп көңіл бөлініп, ветеринария саласын жандандыруға айрықша басымдық беруде. Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналисі Жәния Төребекова облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтан арнайы сұхбат алып, саладағы жаңашылдықтарды қағаз бетіне түсірді.
– Шахмардан мырза, бүгінде елдегі ветеринария саласы қандай деңгейде? Облыс бойынша ветеринар мамандарға сұраныс қалай және кадр тапшылығы кездесе ме? Қазіргі жастар бұл салаға қаншалықты қызығады?
– Ветеринария – өте ерекше сала. Барлық ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде ет-сүт өнімдерінің таза болуы осы ветеринарлық жұмыспен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы Жолдауында осы ветеринария саласын жетілдіруді тапсырған еді. Нақтырақ айтқанда, саланы цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, сонымен қатар, тиісті мамандар даярлап, олардың жалақысын көбейту жөнінде де тапсырма берді. Бүгінде бұл шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында қазіргі жастардың да ветеринар мамандығына деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Өңірде 749 маман жұмыс істесе, соның 45 пайызын жастарды құрайды. Мұның өзі жастардың осы салаға қызығушылығын көрсетіп отыр. Мойындау керек, бір кездері сала мамандарының жалақысы төмен болды. Алайда, 2022 жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ветеринария саласының қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға арттырды. Бұл салаға үлкен серпіліс әрі қолдау болды. Сондай-ақ, өткен жылы аймақ басшысының мұрындық болуымен мамандардың сібір жарасы, бруцеллез, аусыл аурулармен жұмыс істейтінін республикаға дәлелдеп, биологиялық қауіпсіздік туралы заңға өзгеріс енгізіп, аса қауіпті аурулармен жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысы тағы да 50 пайызға артты. Сондықтан қазір мамандар салаға тұрақтанды деуге болады.
– Қазіргі таңда облыстағы мал саны қанша? Өзге өңірлермен салыстырғанда Қызылорда облысы мал саны бойынша нешінші орында?
– Бізде 1 миллион 400 мың бас мал бар. Біз өзге өңірлермен мал санын салыстыру жұмыстарын жүргізбейміз. Біздің басты мақсатымыз – қолда бар малдың ауырмауын қадағалау. Оларды сырғалап, дер кезінде төлдерін бірдейлендіруді қамтамасыз етеміз. Мәселен, биыл ақпараттық жүйеге 1 398,2 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелді. Оның ішінде 387,4 мың бас мүйізді ірі қара, 707,9 мың бас уақ мал мен 242,7 мың бас жылқы және 60,2 мың бас түйе бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бірінші кезекте төрт түліктің ауырмауына баса назар аударамыз. Ал, ауырған жағдайда оған дәл диагноз қою және дер кезінде емдеп жазу ветеринар маманның сауаттылығын, тәжірибесін талап етеді. Саланың қиындығы да осында. Десе де біздің мамандар әрдайым өздерінің білімділігі мен біліктілігін дәлелдеп келеді.
– Қазіргі таңда төрт түлік арасында қандай ауру жиілеп тұр? Оларды болдырмау үшін және алдын алу мақсатында жылына неше рет екпе егіледі? Сонымен қатар, қажетті препараттар тұрғындарға тегін ұсыныла ма?
– Біз әр жыл сайын республика бойынша қалыптасқан жағдайды зерттеп, облыстарды салыстыра отырып және өзіміздің Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік жолында орналасқанымызды ескеріп, мал тасымалының қозғалысын, яғни, сатылған, сойылған малдардың қай жаққа кеткенін зерттеп, соған қарсы жұқтыруы мүмкін ауруларды анықтаймыз. Біздің саланың ерекшелігі де осында – біз малды ауырғаннан кейін емдемейміз. Керісінше, сол аурудың алдын алу мақсатында алдын ала вакцинация жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан, жыл басында аса жұқпалы 14 түрлі ауруға вакцинация қойып, тиісті мамандармен іс-шараны бекітеміз. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға дәрі алынып, ауыл шаруашылығы жануарларына тегін егілетін болады. Одан бөлек, жылына екі рет бір жасқа толған төрт түліктен қан алынады. Қан талдау малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны туралы ақпарат береді. Бруцеллез ауруы өте жұқпалы ауру. Оның бүкіл әлем бойынша емі әлі табылған жоқ. Ол адамға тек малдан жұғады. Бұл ауруды вакцина салып қайтару мүмкін емес. Оның етін, сүтін тұтынуға болмайды. Егер төрт түліктің қанынан бруцеллез ауруы анықталған жағдайда оны арнайы орынға апарып сою жұмыстары жүргізіледі. Ал, мемлекет мал иесіне шығынды ақшалай өтеп беретін болады. Сонымен қатар, мал арасында аусыл деген ауру бар. 2017 жылға дейін Қызылорда облысы «буферлік аймақ» деп саналатын. Яғни, біздің өңірдің еті сыртқа шығарылмай, тек өзіміз тұтынатынбыз. Бұған аусыл ауруы себеп. Алайда, аусылға қарсы жасалған жүйелі вакцинация шараларының арқасында 2017 жылы буферлік аймақтан толықтай арылдық. 2023 жылы Дүниежүзілік жануар әлемі ұйымы біздің аймаққа тағы да «аусылдан таза» деген статус берді. Қазіргі таңда біз аусылдан таза аймақ қатарындамыз.
– Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы жануарларына чип салдырып, электронды түрде таңбалау әдісі пайда болды. Мұны біздің өңір де іске асырды. Бұл әдіс мал иелері үшін қаншалықты пайдалы болды және мұның жануарлар денсаулығына тигізер кері әсері жоқ па?
– Біздегі төрт түлік ауыл шаруашылығы жануарларының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Ірі қара, уақ мал сырғамен белгіленсе, тек жылғы ғана чиппен белгіленеді немесе таңбаланады. Өзіңіз айтып отырғандай, чип салдыру кейінгі 4-5 жылдың көлемінде шықты. Оған дейін жылқыны қазақы әдіспен «таңбалайтын». Сосын сол таңбаның нөмірін беріп, жеке тұлғаның аты-жөнімен базаға тіркелетін. Бүгінде адамдардың жартысы таңбалау әдісін қолданса, қалған жартысы чип салдырады. Біз ешкімді чип салуға мәжбүрлеп көндірмейміз, ол мал иесінің қалауымен, өз еркімен жүргізіледі. Ал, чиптеудің мал денсаулығына зияны жоқ.
– Алдағы уақытта ветеринария саласы бойынша қандай жүйелі жұмыстар жүзеге асырылмақ? Саланың болашағына қатысты не айтасыз?
– Біздің қазіргі негізгі мақсатымыз ауру жұқпас үшін уақытылы егу жұмыстарын жүргізу болып отыр. Осылайша, біз аурудың алдын алып, сақтанып отырамыз. Жалпы, ветеринар маманның жұмысы белгілі бір уақытқа бағынбайды. Себебі, ауылдық жерлерде таң ата мал өріске шығып, күн батар шақта ғана оралады. Ал, ветеринар сол төрт түлік өріске жықпай тұрып немесе кешке өрістен келген соң ғана вакцинациялайды. Қан алу да осындай түрде жүзеге асады. Қан алғаннан кейін оны уақытылы лабораторияға жеткізу керек. Оның бәрі термо чемоданға салынып, белгілі бір температурада өткізілмесе, еңбектің бәрі зая кетеді. Бұл күн ыстық кездері тіпті қиын жүзеге асады. Сондай-ақ, ветеринария саласы әлі де болса дамытуы қажет етеді. Реформаға сәйкес саланы цифрландыру мәселесі де жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда «Tort tulik» деген мобильді қосымша қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл қосымшада ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өздерінің төрт түліктері жайлы ақпаратты қосымшадан үнемі көріп отыра алады. Алайда, мобильді қосымша халыққа қолдануға жеңіл, тиімді болсын деп әлі де өңдеу үстінде. Сонымен қатар, бірнеше планшетке де сұраныс беріп қойдық. Сол арқылы қызметкерлеріміз қағазбастылықтан құтылып, өздерінің атқарған жұмыстарын бірден базаға тіркей алады. Бұл да біздің мамандардың жұмысының сәл де болса жеңілдеуіне ыңғайлы болмақ. Сол үшін де бұл саланың болашағы әлі алда деп есептеймін. Саланы толық цифрландырып, одан әрі дамыту үшін де уақыт керек. Десе де бүгінде соның алғышарттары басталып кетті. Шынын айту керек, ветеринария бір кездері қаржыландыру мәселесі кенжелеп қалған сала болды. Бірақ, қазір аймақ басшысының қолдауымен көптеген ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта құрастырмалы ветеринарлық пункт алу да жоспарда бар. Ауыл аймақтағы ветеринар мамандарға 2022 жылы 15 көлік, өткен жылы 30, ал биыл тағы да 26 көлік беріледі. Сондай-ақ, 2022 жылы облыс әкімі біздегі компьютерлердің ескіргенін ескеріп бір мезетте 140 жаңа компьютер алып берсе, өткен жылы 23 компьютер тарту етті. Мұның бәрі де аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының сала мамандарына деген қолдауы.
– Құрметті Шахмардан Сұлтанбекұлы, уақыт бөліп бізбен сұхбат құрғаныңызға алғыс айтамыз. Салада жағымды жаңалықтар көбейе берсін. Жұмыстарыңызға сәттілік!
ЖӘНИЯ ТӨРЕБЕКОВА