ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Қызылорда облысының дін істері басқармасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің тапсырысымен 2024 жылғы 27-28 наурыз аралығында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне және «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдеріне арналған 2 күндік «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» оқыту семинарын ұйымдастыруда.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің әлеуметтік жобасы аясында «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараға облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері, Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог, психолог мамандары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысындағы өкілдігінің діни қызметкерлері, ұстаздар мен имамдар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, орта мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жобада АТТ мүшелерінің кәсіби даярлығын шыңдау мақсатында халық арасында түсіндіру шараларын ұйымдастырудың әдістері, мақсатты топтармен коммуникациялық байланыс, шешендік өнер, көпшілік ортада сөз сөйлеудің тәсілдері және т.б. бағытта семинарлар өткізу көзделген.
Оқыту семинарының спикерлері дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы және Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы дін мәселелері бойынша дәрістер жүргізді.
Астана қаласынан келген спикер Б.Мырзаев «Дін мен дәстүр құндылықтарының қоғам тұтастығындағы орны» тақырыбы аясында тыңдаушыларға деструктивті діни ағымдардың қоғамға қаупі, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатері туралы айтып өтті. Сондай-ақ, «Діни сенім бостандығының құқықтық аспектілері мен негізгі бағыттары туралы» тақырыбында зайырлы мемлекет ұғымы, құқықтық негіздері туралы сөз қозғады.
Алматы қаласынан келген спикер Т.Талдыбаев «Әлеуметтік желіде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы жас өркеннің бойына тәрбиелік мәні зор дүниелерді сіңіре білу мүмкіндігін қамтамасыз ету, қазіргі уақытта жамағатпен байланысты әлеуметтік желі арқылы орнатудың маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ, «Әлеуметтік желінің алгоритмдерін меңгеру және тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында қатысушыларға әлеуметтік желіде жергілікті парақшаны жүргізу әдістерін үйретті.
Сонымен қатар, семинар барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды.

БӨЛІСУ