Амал мерекесі – жыл басында халқымыздың арқа-жарқа болып, бір-бірімен көрісетін күні. Сондай-ақ, бұл күні жасы үлкендерге ерекше құрмет көрсетіледі. Осыған орай, бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандағы қариялармен көрісіп, мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 104 жастағы Яхия Тасыровты мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Қадірлі қарияға амандық тілеп, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып жүре беруіне тілектестік білдірді. Ұлы Отан соғысының ардагері өзінің ризашылығын жеткізіп, батасын берді.
Мұнан соң аудан әкімі Қоғалыкөл ауылының еңбек ардагері, 105 жастағы Рахия Ақжанованы арнайы мерекемен құттықтап барды. Қос ғасырдың куәгері елдің тыныштығын тілеп отыр. Аудан басшысы Амал мерекесінде ардақты қариямен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді.
Берік Әбдіғаппарұлы Тереңөзек кентіндегі спорт саласының ардагері Сергей Тоқсанбаев пен Н.Ілиясов ауылындағы білім саласының ардагері Қатира Байманованы да ұлттық құндылықтар дәріптелетін мерекемен құттықтап, ілтипат көрсетті. Өз кезегінде құрметті қариялар алғыстарын жеткізіп, еліміздің дамуына, халықтың ауызбірлікте болуына ақ баталарын берді.
Амал – қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрі, елдің ырыс-ынтымағы мен бір-біріне құрметін арттыратын айрықша мереке.
Наурызды атап өтудің жаңа тұжырымдасына сәйкес мерекелік онкүндік осы Амалдан басталады. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты орныққан.
Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаратын және оянатын шағында адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштен арылуы қажет деп саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Амалда жасалатын жоралғылар ұлтымыздың бауырмалдығы мен мейірімділігінің көрінісі екенін атап өтті.
Бұл – қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беретін кезең. Осылайша кешірім мен өзара құрмет халықтың бірлігіне, азаматтардың ортақ мақсат жолында бірігуіне мықты негіз қалайды.
Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде Ұлу жылын зор үмітпен қарсы алуға жақсы себеп болады.