2025 жылға дейін 100 заманауи қосымша білім беру нысаны салынады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. 2025 жылға дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 50 балалар сауықтыру орталығын ашу және кемінде 100 заманауи нысан салу көзделген.
«Балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті болып табылады. Өңірлерде оқушылар мен олардың ата-аналарының қажеттіліктеріне бағытталған тәрбие беру жүйелері табысты жұмыс істеуде. Қосымша білім беру — балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар мен басқа да жағымсыз құбылыстардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы бойынша инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру қажет», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қосымша білім беру саласындағы республикалық семинарда.
Семинарда қатысушылар тәжірибе алмасып, өңірлердегі қосымша білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелерімен танысты. Ұсынылған жобалар мен бағдарламалар қатысушыларға балалар мен жасөспірімдерді оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бүгінде елімізде 1713 қосымша білім беру ұйымы, 380 түрлі үйірме жұмыс істейді. Оқушыларды қамту деңгейі 81,6% құрайды.
Осы кезге дейін Қызылорда қаласында бір ғана Оқушылар үйі бар еді. Енді сол жағалауда 350 орынға арналған заманауи үлгідегі екінші Оқушылар сарайының құрылысы басталмақ.
Биыл дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында 150 орынға арналған мамандандырылған мектеп-лицей ашылды. Оған қоса, Жезқазған трассасы бойында 600, Жаңақорған ауданы «Майбекет» мөлтек ауданында 300, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 орындық мектептер ел игілігіне беріледі. Ал, Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі №248 апатты мектеп жеке инвестор есебінен жаңарып, биыл пайдалануға берілмек.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесінің толығымен шешім табуына, балалардың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептердің мәселесі де биыл шешімін табады. Қазір Абай атындағы мектеп жанынан 550 орындық, №101 мектеп-лицей жанынан 375, №264 мектеп-лицей жанынан 550, №3 мектеп-лицей жанынан 375 орындық қосымша оқу ғимараттары салынып жатыр.
Облыстағы білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылаумен қамтылған. Құрылғылардың санын толықтыру, сондай-ақ жөндеуді қажет ететін бейнебақылау жүйесін іске қосу ойластырылып отыр. Бұл бағытта өткен жылы 35 мектепке 250 млн теңге бөлінсе, осы жылы 35 мектеп, 28 балабақшаға бейнебақылау орнатуға 453,6 млн теңге қаралды. Оған қоса, жергілікті бюджеттен 170 мектепке дабыл түймесін орнатуға 97,1 млн теңге бөлінді. Осылайша, білім ошақтарында балалардың қауіпсіздігі 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Қазіргі күн тәртібіндегі мәселенің бірі – бу қазандықтары жапсарлас немесе негізгі ғимарат ішінде орналасқан 11 білім нысанының құрылысы. 4 мектептің сметалық құжаттары әзірленіп, оның 2-еунің құрылысы қолдау тапты. Қалған 7 білім беру нысаны бойынша сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, былтыр апатты деп танылған 6 мектептің 3-нің мәселесі шешімін тапты.
Жылма-жыл ұстаздардың біліктілігін көтеру мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мысалы, өткен жылы 7 610 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биыл тағы да 8 мыңға жуық ұстаз біліктілігін арттырады.