Биылғы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған басты шара жылдағы дәстүрлі құттықтау шараларынан ерекшеленді. Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен шараға басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы қатысып, отбасы мен қоғамда ерен еңбегімен еленіп, сый-құрметке бөленіп жүрген білім саласының ардагерлері мен ұстаздарына құрмет көрсетті.
Аналар, әйел қауымына деген ақ тілек, риясыз пейілмен өткен салтанатты кездесу жылы лебіздерге толы болды. Бүгінгі мерекелік салтанатты кештің «Анаға тағзым, анаға құрмет» деген аталуына толығымен сай болғанын атап өткен жөн.
Мерекелік салтанатты ашқан басқарма басшысы кешке қатысушыларды және білім саласындағы нәзік жандыларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі әйелдердің айрықша рөл атқаратынын айтты.
Мұнымен бірге қарқыны күшті әрі жаңашылдыққа толы білім саласында сан жылдар еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған бірқатар ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағып, сый-сияпат жасады.
Ұлт игілігі жолына өз әлеуеті мен қарым-қабілетін арнаған ұстаздар мен білім саласы қызметкерлері де Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарының, басқарма басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шара әдеби – сазды, хореографиялық — театрландырылған композиция мен концерттік бағдарламаға ұласты.