ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫРЫҚТАН АСҚАН АНАЛАРДЫҢ ОСЫ ҚАДАМҒА БАРУЫ ЖИІЛЕГЕН

Қазақстанда ана болу жасы біртіндеп ұлғайып келеді. Бірақ бұл өзгерістің өңірлер бойынша сипаты бірдей емес. Қырық жастан асқан әйелдер арасындағы туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысының алдыңғы қатарға шығуы — Сыр өңірінің демографиялық ерекшелігіне назар аударуға себеп,- дейді https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2429958-qazaqstanda-40-zhastan-asqan-aielderding-bala-tuu-korsetkishi-artty/

Былтыр Қазақстанда 40 жастағы әйелдер  16 мыңнан астам сәбиді дүниеге әкелген. Ал 50 жастан асқан әйелдер 148 баланың анасы атанды. Елдегі әйелдердің орташа босану жасы 30 жас. Бұл көрсеткіш қоғамдағы маңызды өзгерісті көрсетеді: әйелдер бұрынғыға қарағанда ана болуға уақытын көбірек жоспарлайтын болды. Біреулер білім алады, мамандығын қалыптастырады, баспана мен қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізеді. Содан кейін ғана бала санын толықтыруға шешім қабылдайды.
Алайда Қызылордадағы жағдайдың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда 40 жастан асқан әйелдер арасындағы туу көрсеткіші республикадағы ең жоғары деңгейде. Бұл бір жағынан өңірдегі бала тууға деген дәстүрлі көзқарастың әлі де мықты екенін аңғартады. Қызылордалық отбасыларда көпбалалылық құндылығы сақталған. Әйелдің жасы ұлғайса да, отбасының балалы болу жоспары тоқтамайды.
Бұл жерде тағы бір маңызды фактор бар. Қызылордада ертерек тұрмыс құрып, бірнеше балалы болған әйелдердің арасында кейінгі жылдары тағы сәби сүйетіндер жиілеген. Яғни 40 жастан асқан туу көрсеткішін тек «алғаш рет  ана болған әйелдер» деп түсіндіру дұрыс емес. Оның ішінде отбасын толықтырып отырған көпбалалы аналар да бар.
Мамандар қырық жастан кейінгі жүктіліктің медициналық тәуекелі жоғарылайтынын ескертеді. -Бұл жаста жүктілік кезінде қан қысымының жоғарылауы, преэклампсия, гестациялық қант диабеті және хромосомалық ауытқулар қаупі артуы мүмкін. Сондықтан жас ұлғайған сайын жүктілікті жоспарлау мен медициналық бақылаудың маңызы да күшейеді,- дейді дәрігер-терапевт Меруерт Сәрсембекова.
Бірақ бұл статистиканың екінші қыры да бар. Қырықтан асқан әйел, әдетте, өмірлік тәжірибесі қалыптасқан, отбасылық және материалдық мүмкіндігін бағалай алатын кезеңде болады. Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуы да жүктілік пен бала тәрбиесінде маңызды факторлардың бірі. Қырық жастан кейінгі туу көрсеткішінің Қызылордада жоғары болуы өңірдегі демографиялық әлеуеттің әлі де күшті екенін көрсететін белгілердің бірі екенін де айта кету керек. Яғни Сыр өңірінде бала туу тек жас отбасылардың есебінен емес, жасы ұлғайған отбасылардың қайта толықтырылуы арқылы да сақталып отыр.
Бұл ретте статистикаға тек «40 жастан кейін босанатын әйелдер көбейді» деген тұрғыдан қарау жеткіліксіз. Мәселе — қоғамдағы отбасы моделінің өзгеруінде. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы, медициналық мүмкіндіктердің артуы, отбасының материалдық жағдайын қалыптастыруға деген ұмтылыс және көпбалалы отбасылық дәстүр қатар жүріп жатыр.
Сондықтан Қызылордадағы көрсеткішті бір ғана медициналық немесе әлеуметтік факт ретінде емес, өңірдің демографиялық мінезін көрсететін маңызды индикатор ретінде қарастыруға болады. Сыр бойында ана болу жасы өзгергенімен, бала санына деген көзқарас өзгермеген. Қырықтан асқан әйелдердің де бесік тербетуі — соның бір көрінісі.

БӨЛІСУ