Қызылорда облысында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық шарасы жүзеге асырылуда. «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң аясында бүгінге дейін Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерден 30-дан астам сотталған бостандыққа шыққан.
Мәселен, Қызылорда қаласындағы ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтың өтелмеген жазасының шамамен бір жылға жуық мерзімі қалған. Қызылорда қаласының №2 сотының қаулысымен оған рақымшылық жасалып, жаза мерзімінің бір бөлігі қысқартылған. Нәтижесінде азамат бостандыққа шықты. «Рақымшылықпен бостандыққа шығып жатқаныма қуанып отырмын. Бұдан кейін қылмыс жасамаймын. Президентімізге және мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз», – деді бостандыққа шыққан азамат.
№60 мекеменің арнайы есепке алу бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты Берік Қазбековтің айтуынша, рақымшылық туралы заң мекемеде жазасын өтеп жатқан 100-ге жуық сотталғанға қолданылады.
«Бүгінгі күнге дейін рақымшылық туралы заң қолданылып, 20-дан астам сотталған бостандыққа шығарылды. Сонымен қатар 80-ге жуық сотталғанның жаза мерзімі қысқартылуға жатады», – дейді Берік Қазбеков.
ҚАЖ қызметкерлері бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне де басымдық беріп отыр. Осы мақсатта оларды жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік мәселелерін шешуге және қалыпты өмірге қайта оралуына бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде.