Қызылорда өңірінде шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өндірісін күшейту және агросаланы жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр.
Қызылорда экономикасы үшін бүгінгі кезең жаңа міндеттерді талап етеді. Бір жағынан, өңірдің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мұнайға тәуелді моделін өзгертіп, экономиканы әртараптандыру қажет болса, екінші жағынан, су тапшылығы ауыл шаруашылығын жүргізудің дәстүрлі тәсілдеріне түзету енгізуді талап етіп отыр. Осы екі бағыттың тоғысатын тұсы – жергілікті кәсіпкерлікті күшейтіп, өңірде өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру.
Осы мәселелер облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиынға шаруа қожалықтарының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысып, бизнесті дамыту, өндірісті ұлғайту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелерін ортаға салды.
Аймақ экономикасын әртараптандыру бағытында белгілі бір нәтиже бар. Соңғы төрт жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 25,6 пайыздан 33,8 пайызға дейін өскен. Биылғы алғашқы алты айда өңдеу өнеркәсібінде шамамен 215 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 13,8 пайызды құраған.
Бұл көрсеткіштер өңір экономикасында шикізаттық сектордан өңдеуге қарай бетбұрыс бар екенін көрсетеді. Бірақ мәселе тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмейді. Ең маңыздысы – өңірде өндірілген өнімнің нарықтағы орнын күшейту, жергілікті тауарды тұтынуды арттыру және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын өндірістерді көбейту.
Осы ретте отандық өнімге, соның ішінде жергілікті кәсіпорындардың тауарларына сұраныс қалыптастырудың маңызы зор. Сапалы өнім өндірілсе, оның тұрақты тұтынушысы да болуы керек. Демек, жергілікті бизнесті қолдау тек жеңілдетілген несие немесе субсидия берумен шектелмей, дайын өнімді өткізуге мүмкіндік беретін нарықтық тетіктермен қатар жүруі тиіс.
Бизнестің дамуына ықпал ететін тағы бір бағыт – цифрландыру. Қазіргі тұтынушының талғамы мен сауда тәсілі өзгеріп жатқан кезде кәсіпкердің дәстүрлі сауда үлгісімен ғана шектелуі жеткіліксіз. Өткен жылы жергілікті кәсіпорындардың электрондық сауда айналымы 121 млн теңгеге жетіп, бөлшек саудадағы үлесі 2,3 пайызды құраған. Бұл – цифрлық сауданың өңір бизнесі үшін әлі де үлкен резерв екенін аңғартады.
Сондықтан кәсіпкерлер үшін бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – нарық сұранысын алдын ала бағалау, өндірісті әртараптандыру, ілеспе жобаларды іске қосу және цифрлық сауда мүмкіндіктерін пайдалану. Ал мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау шаралары нақты өндіріс пен тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратын жобаларға бағытталғанда ғана экономикаға мультипликативті әсер береді.
Мәжілісте ауыл шаруашылығы саласының мәселелері де кеңінен сөз болды. Бұл сала үшін қазіргі негізгі сынақтың бірі – су тапшылығы. Соңғы жылдары вегетациялық кезеңнің күрделі өтуі өңірдегі егін шаруашылығына жаңа көзқарас қалыптастыруды қажет етуде.
Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдарды оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға қысқарып, 70 мың гектарды құрады. Жалпы соңғы төрт жылда облыста күріш егісі 19 мың гектарға немесе 21 пайызға азайған.
Бұл – жай ғана егіс көлемінің өзгеруі емес, аймақтағы аграрлық саясаттың жаңа бағытқа бет алғанын көрсететін шешім. Қызылорда жағдайында күріш – ауыл шаруашылығының дәстүрлі әрі маңызды дақылы. Алайда су ресурстары шектеулі кезеңде бір ғана дақылға тәуелді болу тәуекелін азайтып, суды аз қажет ететін және экономикалық қайтарымы жоғары дақылдардың үлесін арттыру қажеттілігі туындап отыр.
Осы бағытта 2028 жылға дейін дән жүгері егісін ұлғайтуға арналған Жол картасының бекітілуі де маңызды. Құжат аясында жүгері көлемін арттырумен қатар, шаруаларды техникалық жарақтандыру және мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету көзделген.
Алайда егіс құрылымын өзгерту – бір маусымда шешілетін мәселе емес. Шаруаның жаңа дақылға бейімделуі үшін тұқым, техника, технология, өткізу нарығы және қаржылық қолдау қатар қарастырылуы қажет. Яғни әртараптандырудың нәтижесі егіс көлемінің өзгеруімен емес, шаруаның табысының тұрақтануымен өлшенуі тиіс.
Ауыл шаруашылығының тағы бір маңызды бағыты – мал шаруашылығы. Бүгінде агроөнеркәсіп саласының жалпы өнімінің 30 пайыздан астамы осы саланың үлесінде. Бұл бағыттың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Мал шаруашылығының ерекшелігі – оның маусымдық егіншілікке қарағанда жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруінде. Сондықтан шаруашылықтардың тек егін науқанына тәуелді болмай, мал басын көбейтуге, ет пен сүт өндірісін арттыруға бет бұруы маңызды.
Осы мақсатта жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен «Игілік», «Береке» бағдарламалары іске қосылған. Мұндай қаржылық құралдар шаруалардың өндірісті кеңейтуіне, мал басын көбейтуіне және өнім көлемін арттыруына мүмкіндік береді.
Дегенмен кез келген мемлекеттік қолдаудың тиімділігі оның нақты нәтижесімен бағалануы керек. Яғни алынған несие жаңа мал басына, жаңа техникаға, өнім көлемінің өсуіне, тұрақты жұмыс орындарына және шаруашылық табысының артуына айналуы қажет.
Бүгінгі таңда Қызылорда өңірі үшін кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бір-бірінен бөлек қаралатын салалар емес. Ауыл шаруашылығындағы өнімді терең өңдеу – жаңа кәсіпорындардың пайда болуына, ал жергілікті кәсіпкерліктің дамуы – аграрлық өнімді өткізу мен өңдеудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Сондықтан өңірдің экономикалық болашағы шикізат өндіру көлемімен ғана емес, қанша өнім өндіріп, оны қаншалықты терең өңдейтінімен, қанша жергілікті кәсіпорынның нарыққа шығатынымен және ауыл шаруашылығын су тапшылығы жағдайына қаншалықты тиімді бейімдей алатынымен айқындалмақ.
Мәжіліс қорытындысында жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ендігі міндет – айтылған мәселелерді нақты жобаларға айналдырып, мемлекеттік қолдаудың нәтижесін өңір тұрғындарының әл-ауқатынан көрсететін деңгейге жеткізу.