Жастар күні қарсаңында ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылып, оған аудан жастары мен еріктілер белсенді қатысты.
Игі шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, аудан прокуроры Талғат Бектұрсынов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Баймағанбетов және белсенді жастар қатысты.
Акция барысында аудан әкімі жастармен кездесіп, туған жердің тазалығы мен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген жастар мен волонтерлерге алғыс білдіріп, бірқатарын марапаттады.
Аудан әкімі өз сөзінде «Таза Қазақстан» бастамасының қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде қоғамды ортақ іске жұмылдыратын маңызды бастамалардың біріне айналды. Тазалық – бір күндік науқан емес, ол әр азаматтың күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігінен көрінуі тиіс. Ауданымызды абаттандыру, көгалдандыру және көркейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Осы ортақ іске белсенді атсалысып жүрген жастарға ризашылығымды білдіремін, – деді Ардақ Ибраимов.
Шара барысында аудан әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен және жастармен бірге тазалық жұмыстарына қатысып, экологиялық акцияның мән-маңызын іс жүзінде көрсетті. Жастардың белсенділігі – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау және табиғатты аялау тек арнайы акциялар кезінде емес, күнделікті өмір салтына айналғанда ғана нәтижелі болмақ.
«Таза Қазақстан» акциясы осы бағыттағы қоғамдық жауапкершілікті арттырып, тұрғындарды туған жердің тазалығы мен көркеюіне бірлесе үлес қосуға үндеп келеді.