Елімізде заңсыз шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие болды. Ең бастысы – қайтарылған қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқаны бүгінде халыққа көрініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Бас прокуратураның үйлестіруімен мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталып, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуде. Қызылорда облысында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық бастамалар осы саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Осындай маңызды жобалардың бірі – Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында салынған су тарату станциясы мен қосылу тармағының пайдалануға берілуі. Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, бұл жоба тұрғындардың көптен күткен мәселесін шешкенін атап өтті.
Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді жұмсалып жатқанын ерекше айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Бас прокуратураның ұйымдастыруымен 2025–2026 жылдары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өңірімізге 45 миллиард теңге қаржы бөлініп, 31 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде Жаңақорған кентіндегі су тарату станциясының құрылысына 1,1 миллиард теңге бөлініп, жоба толық аяқталды. Нәтижесінде 1500-ге жуық тұрғын үй сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты іс. Мемлекет басшысына және Бас прокуратураға өңірдегі әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобаларды қолдағаны үшін Сыр жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Мұрат Ергешбаев.
Ауызсу – халықтың тұрмыс деңгейін айқындайтын ең маңызды әлеуметтік көрсеткіштердің бірі. Әсіресе соңғы жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Себебі сапалы ауызсу тек тұрғындардың денсаулығына ғана емес, елді мекендердің дамуына, жаңа тұрғын үйлердің салынуына және кәсіпкерліктің өркендеуіне де тікелей әсер етеді.
Жаңақорғандағы жаңа су тарату станциясының іске қосылуы осы тұрғыдан алғанда ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтетін маңызды жоба саналады. Енді «МАИ бекеті» шағын ауданындағы тұрғындар тұрақты әрі сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Бұл – көп жылдан бері көтеріліп келген мәселенің нақты шешімі.
Салтанатты жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серхожа Ыдырысов сөз сөйлеп, ел игілігіне бағытталған мұндай жобалардың маңызын атап өтті. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен су тарату станциясының құрылысын сапалы жүргізген мердігер ұйым өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында инфрақұрылымды дамыту қарқыны айтарлықтай күшейді. Президент пен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде өңір бюджеті соңғы төрт жылда 809 миллиард теңгеге жетіп, екі есеге артты. Ал даму бюджетінің көлемі 4,3 есеге ұлғайды. Бұл қаржы жол, тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау, инженерлік желілер және коммуналдық инфрақұрылым секілді халық үшін маңызды салаларды дамытуға бағытталды.
Бүгінде Қызылорда облысы орталықтандырылған сапалы ауызсумен толық қамтылған өңірлердің қатарына енді. Бұл – жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін тағы 10 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, газбен қамту деңгейі 85 пайызға жетпек. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығына да оң әсер етеді.
Әлеуметтік саясатта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 6200-ден астам пәтер беру жоспарланған. Сонымен бірге облыс бойынша 141 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95,5 пайызға жеткізілмек.
Жаңақорғандағы су тарату станциясының пайдалануға берілуі – инфрақұрылымдық жобаның аяқталуы ғана емес. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің нақты халық игілігіне жұмсалып жатқанын көрсететін айқын мысал. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, өңірдің тұрақты дамуына негіз қалайды. Ең бастысы, әлеуметтік әділеттілік қағидаты нақты іспен дәлелденіп, мемлекет қаражаты қайтадан халықтың өзіне қызмет етіп жатыр.