Бүгiн облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегi республикалық орталық мамандарының қатысуымен ағза донорлығын қолдау, игi iс жасауға тұрғындарды шақыру мақсатында
«Трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу, алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Сарманова Динара Сардарбекқызының төрағалығымен өткен жиынға, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша бас имамының орынбасары Жақсыбек Әбенов және облыстық емдеу-профилактикалық ұйымдары бас дәрігерлерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Назгүл Жылгелдина «Қазақстандағы ағза донорлығы мен трансплантациясы. Ағза донорлығы мен трансплантациясының заңнамалық аспектілері және халықаралық реттеу нормалары» тақырыбында баяндама жасаса, республикалық трансплантациялық координаторы Лейла Исмагамбетова «Ағзаларды трансплантациялау кезіндегі зертханалық және клиникалық сүйемелдеу. Донор мен реципиентті жеке іріктеу» тақырыбында дәрiс оқыды.
Баяндама барысында трансплантация саласындағы заманауи тәсілдер, донор мен реципиентті іріктеу қағидаттары, зертханалық және клиникалық сүйемелдеу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасып, ағзалық донорлықты дамыту мен халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытындағы ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қатар, облыстық көпбейінді ауруханасының мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Динара Сардарбекқызының төрағалығымен «Трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру» тақырыбында семинар өткізілді.
Шараға ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық» ШЖҚ РМК-ның мамандарымен облыстық медициналық ұйымдар бас дәрігерлерінің ішкі аудит жөніндегі орынбасарлары және кардиолог, невропатолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер қатысты.
Дәрігерлердің трансплантациялық үйлестіру және донорлық процесті ұйымдастыру бағытындағы білімдерін жетілдіру, сондай-ақ практикалық дағдыларын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада:
• «Ми өлімі»;
• «Ми өлімін анықтау (констатациялау) және оның критерийлері. Донорлық үдерістің алгоритмі»;
• «Донорлар мен реципиенттерді есепке алудың медициналық ақпараттық жүйесі. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу» тақырыптары қозғалды.
Оқыту барысында сонымен қатар трансплантация саласындағы өзекті мәселелер, ми өлімін диагностикалау тәртібі, әлеуетті донорларды анықтау алгоритмдері, донорлар мен реципиенттердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары жан-жақты түсіндірілді.
Сондай-ақ, шара барысында қатысушыларға тәжірибелiк мысалдар ұсынылып, сұрақ-жауап бағытында пікір алмасу ұйымдастырылды. Семинар-тренинг қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.