Қызылорда облысында соңғы жылдары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік, мәдени және танымдық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Облыс орталығында бой көтерген Ботаникалық бақ пен жыл бойы жұмыс істейтін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – осы бағыттағы ауқымды бастамалардың нақты нәтижесі.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының қолдауымен ашылған аталған нысандардың жұмысымен танысты.
Президент саябағы аумағында орналасқан Ботаникалық бақ пен «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы өңірді Нұрлыбек Машбекұлы басқарған кезеңде салынған. Бүгінде екі нысан да халық игілігіне қызмет көрсетіп, өңір тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырып отырған маңызды қоғамдық кеңістіктерге айналды.
ТАБИҒАТ ӘЛЕМІН ТАНЫТАТЫН ЖАСЫЛ КЕҢІСТІК
Қызылорданың табиғи-климаттық жағдайы құрғақ әрі жазы ыстық өңірге тән. Сондықтан экзотикалық және тропикалық өсімдіктер өсірілетін Ботаникалық бақтың ашылуы аймақ үшін ерекше маңызға ие.
Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген жобаның бас мердігері – «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Заманауи кешен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғау идеясын насихаттауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Ботаникалық бақта әлемнің бірнеше мемлекетінен арнайы жеткізілген экзотикалық және тропикалық өсімдіктер өсіріледі. Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америка, Австралия және Мадагаскар секілді алыс аймақтарда өсетін 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген.
Мұндағы жасыл желек тек көз тартарлық сәндік көрініс қана емес. Әр өсімдік – табиғаттың алуан түрлілігі мен әлемдік флораны танытатын ерекше танымдық мүмкіндік.
Қызылордалықтар енді басқа құрлықтардың өсімдіктерін көру үшін алыс сапарға шығудың қажеті жоқ. Бір кеңістікте әлемнің түрлі климаттық белдеуіне тән өсімдіктермен танысып, табиғаттың байлығы мен ерекшелігін тануға мүмкіндік бар. Бақтағы өсімдіктердің қалыпты өсуі үшін заманауи инженерлік жүйелер орнатылған. Микроклиматты автоматты басқару, суару және суды дайындау технологиялары өсімдіктерге қажетті температура мен ылғал деңгейін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл жүйелер Қызылорда өңірінің табиғи жағдайына бейімделіп, экзотикалық өсімдіктердің жыл бойы өсіп-өнуіне қолайлы орта қалыптастырады.
Ботаникалық бақ экологиялық мәдениетті дамытуға да қызмет етеді. Мұнда оқушылар мен студенттерге табиғатты танып-білуге арналған танымдық экскурсиялар, экологиялық сабақтар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Жас ұрпақ табиғатты тек оқулықтан емес, тірі өсімдіктерді бақылау арқылы танып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйренеді. Бұл – экологиялық тәрбиенің маңызды тетігі.
Сонымен бірге Ботаникалық бақ Қызылорданың туристік бағыттағы жаңа нысандарының біріне айналып келеді. Жасыл кеңістік тұрғындардың серуендеуіне, отбасылық демалыс өткізуіне және қала қонақтарының өңірдің жаңа келбетімен танысуына мүмкіндік береді.
«AI-KERIM» – ДЕМАЛЫС ПЕН БІЛІМ ҰШТАСҚАН ОРТАЛЫҚ
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан тағы бір ірі жоба – «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы.
Құрылысына 10 млрд теңге бөлінген 300 орындық орталық жыл бойы қызмет көрсетеді. Оның материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ғана емес, олардың бос уақытын тиімді өткізуі, жаңа білім мен дағды игеруі де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда «AI-KERIM» – дәстүрлі лагерь үлгісінен өзгеше, білім, шығармашылық, технология және сауықтыру бағыттарын біріктірген көпфункционалды орталық. Орталық аумағында әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ, төрт жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат орналасқан.
Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысы үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасақталған. Аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған. Демалыс аймақтары заманауи жабдықтармен қамтылған.
Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация орталықтың спорт залын, бассейнін, кітапханасын және білім беру бағытындағы арнайы кабинеттерін аралап көрді.
Мұнда инклюзия, робототехника, 3D графика, ғарыш инженериясы, өнер, ғарыш және радио байланыс, астрономия, әуе және ұшқыш ісі, биология бағыттарында жабдықталған кабинеттер бар.
Бұл бағыттардың әрқайсысы балалардың қызығушылығын оятып, болашақ мамандығын таңдауға бағдар береді.
Робототехника мен 3D графика балалардың инженерлік және цифрлық сауаттылығын дамытса, ғарыш инженериясы мен астрономия кабинеттері ғылымға қызығушылықты арттырады. Биология кабинеті зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал өнер бағытындағы шығармашылық кеңістіктер балалардың қабілетін ашып, өз ойын еркін жеткізуіне ықпал етеді.
Орталықта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да қолайлы жағдай қарастырылған. Инклюзия кабинеті әр баланың білім мен демалыс мүмкіндігіне тең қол жеткізуіне бағытталған.
Бұл – әлеуметтік жауапкершілік пен тең мүмкіндікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
ЗАМАНАУИ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – САПАЛЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ НЕГІЗІ
Делегация лагерь аумағындағы амфитеатрды, киіз үйді және жатақхана ғимараттарын да аралады.
Амфитеатрда мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, шығармашылық кештер мен түрлі танымдық бағдарламалар ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Ал ұлттық нақыштағы киіз үй балалардың қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын танып-білуіне жағдай жасайды.
Осылайша «AI-KERIM» орталығы заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтарды сабақтастыратын ерекше білім беру кеңістігі ретінде қалыптасып келеді.
Орталықтағы әрбір бағыт балалардың жан-жақты дамуына арналған. Мұнда демалыс тек уақыт өткізу емес, жаңа білім алу, тәжірибе жинақтау, шығармашылық қабілетті дамыту және өз мүмкіндігін тану мүмкіндігімен ұштасады.
ӨҢІРДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Ботаникалық бақ пен «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – бір-бірінен бөлек жобалар болғанымен, ортақ мақсатқа қызмет етеді. Ол – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, балалар мен жастарға жаңа мүмкіндік беру және өңірдің әлеуметтік-мәдени әлеуетін дамыту.
Ботаникалық бақ табиғатты танып-білуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туризмді дамытуға бағытталса, «AI-KERIM» орталығы балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты білім алуына жағдай жасайды.
Бұл нысандардың ашылуы Қызылордадағы әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Бүгінде өңірде тек ғимараттар салынып жатқан жоқ. Халықтың білім алуына, балалардың дамуына, мәдени демалысына және экологиялық тәрбиесіне арналған жаңа мүмкіндіктер қалыптасуда.
Ең бастысы – бұл нысандар халық игілігіне қызмет етіп, келушілерге сапалы қызмет көрсетуде. Ботаникалық бақ – табиғаттың алуан әлемін танытатын жасыл кеңістік болса, «AI-KERIM» – баланың демалысы мен болашаққа қажетті білімін ұштастыратын заманауи орталық.
Қызылордада бой көтерген осындай әлеуметтік маңызы бар нысандар өңірдің келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына берік негіз қалыптастыруда.