Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмасы нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.
Осы бағытта Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда қаласында жаңа емхана салуға және оны заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 6,5 млрд теңге бөлінді.
Бұл — жай ғана құрылыс жобасы емес. Бұл — халықтың денсаулығына, өмір сапасына және қолжетімді медициналық көмекке салынған қомақты инвестиция.
Жаңа емхана қаланың теміржолдың арғы бетіндегі бөлігінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аталған аумақтағы қазіргі емхана 1966 жылы салынған, бүгінде тозу деңгейі жоғары ғимаратта орналасқан. Сондықтан жаңа медициналық нысанның бой көтеруі — тұрғындар көптен күткен маңызды әлеуметтік шешім.
Жоба жүзеге асқаннан кейін жаңа емхана:
🔹 бір ауысымда 400-ге дейін науқасты қабылдайды;
🔹 35 мыңнан астам тұрғынды сапалы медициналық қызметпен қамтиды;
🔹 балалар мен ересектерге медициналық көмек көрсетеді;
🔹 жалпы дәрігерлік практика, әйелдер консультациясы және күндізгі стационар қызметтерін ұсынады;
🔹 заманауи диагностика мен медициналық оңалту мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.
Ең бастысы, тұрғындар күрделі тексерулер үшін басқа медициналық мекемелерге сабылмай, қажетті қызметтердің бір бөлігін өз аумағында ала алады. Жаңа емханаға компьютерлік томограф, заманауи ультрадыбыстық аппараттар, рентген жабдықтары және басқа да медициналық техникалар орнатылады.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жұмыстар басталып, шатыр плиталарын бетондау және бірінші қабаттың ішкі қабырғаларын қалау жүргізілуде. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қайтарылған активтердің халық игілігіне бағытталуының мәні де осында. Бұрын заңсыз иемденілген қаржы енді әлеуметтік нысандардың салынуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлердің дамуына қызмет етуде.
Қызылордадағы жаңа емхана — Президент тапсырмаларының қағаз жүзінде ғана емес, нақты істер арқылы орындалып жатқанын көрсететін маңызды жоба.
Халыққа қайтарылған қаражат — халықтың денсаулығына жұмсалуда. Бұл — әлеуметтік жауапкершіліктің де, әділетті қоғам қағидатының да нақты көрінісі.