СЕКСЕУІЛДЕ ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 Бүгін Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде жаңа теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Батырхан Базарбаев, сала ардагерлері, ел ағалары және кент тұрғындары қатысты.

Жаңа вокзал — өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен 2025 жылы басталған құрылыс жұмыстары бүгінде толық аяқталып, заманауи талаптарға сай жаңа вокзал халық игілігіне берілді.

Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 360 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Аумағы 9 129 шаршы метрді құрайтын вокзал тәулігіне 281 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған.

Жаңа нысанда жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін:

▪️ кең әрі жайлы күту залы;
▪️ ана мен бала бөлмесі;
▪️ медициналық пункт;
▪️ жүк сақтау қоймасы;
▪️ санитарлық-тұрмыстық орындар;
▪️ заманауи жабдықтар қарастырылған.

Рәсім барысында Бахыт Жаханов Мемлекет басшысының теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Өткен жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіліп, аумағы абаттандырылды. Ал облыстағы қалған жеті вокзал мен екі қызмет көрсету пунктін күрделі жөндеу және қайта жаңғыртуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұған дейін Жаңақорған, Шиелі және Қазалы теміржол вокзалдары пайдалануға берілсе, Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылды.

Шарада Батырхан Базарбаев құттықтау сөз сөйлеп, теміржол саласының ардагері Орынбай Оразаев ақ батасын берді. Сала дамуына үлес қосқан қызметкерлер мен құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 Сексеуілдегі жаңа вокзал — жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, кенттің келбетін жаңғыртып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға серпін беретін маңызды нысан.

Жаңарған вокзал — халыққа қолайлы қызмет, өңірге жаңа мүмкіндік!

БӨЛІСУ