ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ МЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МӘСЛИХАТ НАЗАРЫНДА

Қоғамның әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігі мен алдағы міндеттері Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті 53-сессиясында кеңінен талқыланды.

Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаевтың төрағалығымен өткен сессияда Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясындағы әлеуметтік қолдау шаралары мен жұмыспен қамту саясатының жай-күйі қаралды. Сонымен қатар қала, кент және ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептер бекітілді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Қызылорда қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Клара Құрақбаева баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қызылорда қаласында 15 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат, 36 мыңнан астам зейнеткер және 16 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын айқындай түседі.

Әлеуметтік қорғау бағытында бөлім тарапынан 16 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек аясында 2762 отбасыға 962,4 миллион теңге көлемінде қаржы төленген. Бұдан бөлек, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге 349,7 миллион теңге бағытталған. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан халықтың әлжуаз топтарына тұрақты қолдау көрсетіліп отырғанын аңғартады.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселесі де ерекше назарда. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 9 мыңнан астам адамның өтінімі орындалып, жеке көмекші, ымдау тілі маманы қызметтері ұйымдастырылған. Сонымен қатар 700-ге жуық азамат инватакси қызметімен қамтылған. Қалада кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде биыл бейімделуі жоспарланған 216 нысанның 200-і интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген.

Сессия барысында жұмыспен қамту мәселесі де жан-жақты қаралды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 3473 жаңа жұмыс орны құрылған. Жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас», «Бастау Бизнес» жобалары мен онлайн оқыту бағдарламалары арқылы тұрғындарды еңбек нарығына тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бастамалар азаматтардың тұрақты табыс табуына және әлеуметтік тәуелділіктің алдын алуға бағытталған.

Депутаттар тарапынан әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Құжат рәсімдеу рәсімдерін жеңілдету, көпқабатты тұрғын үйлерге пандус орнату, ерекше қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру, мүгедектігі бар азаматтарға арналған құралдардың берілу тәртібін бақылауды күшейту мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов ардагерлерге қоғамдық көлікте жеңілдіктер қарастыру, зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығын жаңа ғимаратқа көшіру және санаторийлік-курорттық емдеумен қамту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Негізгі мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Мақпал Бисенова әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау жұмыстарын күшейту, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердегі пандустарды талапқа сәйкестендіру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған көтергіш құрылғылар орнату және әлеуметтік мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Сессия жұмысына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысып, көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты. Нәтижесінде күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Жалпы, сессия барысында көтерілген мәселелер әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдірудің, жұмыспен қамтуды арттырудың және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастырудың өзектілігін көрсетті. Қабылданған шешімдер халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

БӨЛІСУ