ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

 

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен бүгінгі буын өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, халық пен билік арасындағы сенімді байланысты қалыптастырудағы қызметкерлердің рөлін ерекше атап өтті.

– Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне қызмет етудің жарқын үлгісі. Бұл салада еңбек ету терең білім мен кәсіби біліктілікті ғана емес, жоғары жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Мемлекеттік қызметшілер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары мен стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықтың талап-тілегіне құлақ асып, қоғамның дамуына үлес қосып келеді, – деді аудан әкімі.

Айтбай Жандарбеков соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі табысты жұмыстардың арқасында Шиелі ауданы облыс көлемінде «Үздік аудан» атанса, елді мекендерді көркейту мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру нәтижесінде Шиелі кенті «Үлгілі аудан орталығы» номинациясына ие болды.

Бұл жетістіктер аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстардың және мемлекеттік қызметшілердің күнделікті еңбегінің нақты нәтижесі екені айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың да аудан келбетін жақсартуға оң ықпал еткені атап өтілді.

Қазіргі таңда аудан әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдарда, кент және ауылдық округ әкімдіктерінде 184 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олар түрлі салада мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына үлес қосып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуге атсалысып келеді.

Салтанатты шара барысында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде атқарған бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелеріне көрсетілген құрмет олардың ел алдындағы еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Мерекелік кештің ерекше тұсы – мемлекеттік қызметшілердің шығармашылық қырларының көпшілікке таныстырылуы болды. Қызметкерлер ән шырқап, өлең оқып, сахналық қойылымдар мен әзіл-қалжың арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметпен қатар өнер мен мәдениетке де жақын екенін көрсетті.

Шара соңында аудан әкімі мемлекеттік қызметтің беделі оны атқарып жүрген азаматтардың адал еңбегі мен кәсібилігі арқылы қалыптасатынын атап өтіп, барлық қызметкерлерге зор денсаулық, отбасыларына амандық және жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік жиын халыққа қызмет етуді басты мұрат еткен азаматтардың еңбегін дәріптеп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен мәртебесін айшықтай түсті.

БӨЛІСУ