Арал ауданында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар басталды. Атап айтқанда, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Аранды және Қожабақы ауылдарындағы мал қораларында механикалық тазалау шаралары қолға алынып, алдағы залалсыздандыру жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың бірі. Оның негізгі тасымалдаушысы – кене. Сондықтан көктем-жаз мезгілдерінде аурудың алдын алу мақсатында санитарлық тазалық пен залалсыздандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырудың маңызы зор.
Осыған байланысты аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Ақтан батыр ауылына арнайы барып, дайындық жұмыстарымен танысты. Елді мекендегі санитарлық жағдайды бақылап, мал қоралары мен аулалардың тазалығына назар аударды. Тексеру барысында ауылдағы тазалық деңгейін сақтау, қора-жайларды дер кезінде тазалау және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді.
Мамандардың айтуынша, кенеге қарсы күрес тек арнайы дәрілеу жұмыстарымен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен мал қоралары мен аула аумақтарын көң-қоқыстан тазарту, арамшөптерді отау және санитарлық талаптарды сақтау қажет. Мұндай жұмыстар залалсыздандырудың тиімділігін арттырып, кененің таралу қаупін азайтады.
Аудан әкімінің ауыл әкімдеріне берген тапсырмалары да осы бағыттағы жұмысты күшейтуге негізделген. Әсіресе, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Өйткені аурудың алдын алуда әрбір азаматтың сақтық шараларын сақтауы шешуші рөл атқарады.
Жалпы, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар халық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Санитарлық тазалықты сақтау, профилактикалық шараларды уақтылы орындау және тұрғындардың белсенді қатысуы ғана қауіпті індеттің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар барлық ауылдық округтерде тұрақты бақылауда болуы тиіс.