Жалағаш ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстардың барысын саралау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысса, ауылдық округ әкімдері селекторлық режим арқылы қосылды. Күн тәртібінде қоғам тыныштығын сақтау, вандализмнің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі қаралды.
Мәжілісте алдымен жауапты сала басшыларының хабарламалары тыңдалды. Онда құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру және тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында атқарылған шаралар баяндалды. Сонымен қатар аудан көлемінде орын алған құқықбұзушылық фактілері мен олардың алдын алу мақсатында қолға алынған жұмыстар талқыланды.
Жиын барысында қоғамдық орындардағы мүліктерді бүлдіру, аялдамалар мен саябақтардағы инфрақұрылымдарға зиян келтіру секілді вандализм әрекеттеріне ерекше назар аударылды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, қоғамдық мүлікті қорғау мәселесіне жауапты мекемелердің жіті көңіл бөлуі қажеттігін атап өтті. Себебі мемлекет қаржысына салынған әрбір нысан халық игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Сондықтан оны сақтау мен күтіп ұстау – барша тұрғындардың ортақ міндеті.
Жаз мезгілінде өзекті мәселелердің бірі – су айдындарындағы қауіпсіздік. Осыған байланысты мәжілісте өзен-көлдер мен каналдар маңындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы кеңінен талқыланды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің бақылаусыз суға түсуінің алдын алу, белгіленбеген орындарда шомылуға жол бермеу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі жауапты мекемелерге су айдындарына қатысты қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алып, рейдтік жұмыстарды тұрақты жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін жеткізді.
Мәжілісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың орындалу барысы да сараланды. Елді мекендердің санитарлық жағдайы, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары бойынша атқарылған шаралар талқыланды.
Бүгінде аудан көлемінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелерді тазалау, ағаш көшеттерін күтіп-баптау, тұрмыстық қалдықтарды шығару және қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Дегенмен аудан басшысы бұл жұмыстардың сапасына ерекше мән беру қажеттігін айтып, тазалық мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертті.
Ардақ Әбдіғаппарұлы елді мекендердің көркі мен тазалығы тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар көшелердің, саябақтардың, балалар ойын алаңдарының және әлеуметтік нысандардың айналасының тазалығын тұрақты бақылауда ұстау міндетін жүктеді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, вандализмге қарсы күрес, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды сапалы атқару бойынша нақты тапсырмалар берді.
Қоғамдық қауіпсіздік пен тазалық мәселелері – әрбір тұрғынның өмір сапасы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Сондықтан бұл жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуы мемлекеттік мекемелермен қатар тұрғындардың да белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты. Қармақшы ауданында осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға басымдық берілмек.